11 қыркүйек күні Түркістанда оқушыны көлік қағып кетті. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр дейді. Полиция оқиғаға қатысты тергеп-тексеру амалы басталғанын хабарлады.
Кеше Түркістанда С.Қожанов көшесінің бойында жолды кесіп өтпек болған баланы көлік қағып кеткен сәті видеоға түсіп қалды. Видеодан құжынаған оқушылар мен студенттердің жол жиегінде тұрғанын, көліктердің ары-бері зуылдап өтіп бара жатқанын байқауға болады. Асығыс жолды кесіп өтпек болған баланы бір көлік тоқтап өткізгенімен, жылдамдықпен келе жатқан екінші көлік қағып кеткен.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылған. Жол-көлік оқиғасына түскен бала есін білгенімен, үсті-басын қан-жоса болғанын байқуға болады.
Оқушы бірнеше жарақатпен ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр дейді.
«Баланың жалпы жағдайы ауыр. Жағдайының ауырлығы алған жарақаттарына байланысты. Динамикада жағдайы тұрақты, біршама жақсарған. Емдеу іс-шаралары бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізілуде»
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, оқушыны «Mercedes Benz» автокөлігінің жүргізушісі қаққан. Оқиғаға байланысты тергеу басталып, барлық мән-жайлар анықталуда. Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда мұқият болуға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Дилара Иса