Түркістан облысы Келес ауданында 8-сынып оқушысын бірнеше рет зорлаған шетел азаматына қатысты үкім шықты. Сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына түрмеге жапты. Сотталушы кінәсін мойындамаған.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8-сынып оқушысын бірнеше рет зорлады деген 35 жастағы Өзбекстан азаматына қатысты үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен күдікке ілінген еді.
«Сотталушы 2024 жылдың ортасында Қазақстан Республикасына құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында келген. Түркістан облысы Келес ауданында орналасқан үйде құрылыс жұмыстарын жасап жүрген кезде көрші үйдің 2011 жылы туған жас қызбаланың дәрменсіз күйін пайдаланып, еркінен тыс бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсіп зорлаған»
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі
Сотталушы тағылған айыпты мойындамаған. Ал прокурор соттан оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
«Сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігімен кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»
Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі
Үкім 25 тамыз күні оқылды. Сотталушының апелляциялық шағым түсіретіні, не түсірмейтіні қазірше белгісіз. Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дилара Иса