12 қыркүйек күні Түркістанда жергілікті әскери басқару органдары күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекеге еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген ардагерлер мен қазіргі қызметкерлер жиналды.
Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы подполковник Қуанышбек Құлымбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының құрылу тарихы мен жетістіктері туралы айтты. Ол жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің, әскерге дейінгі жастарды кәсіби бағдарлаудың және әскери қызметтің беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
– Осы уақыт ішінде біздің қызметіміздің барлық бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдары құрылған төрт жыл ішінде Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарына 15 мыңнан астам жас әскерге жіберілді. Үш жыл қатарынан «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері «Айбын» республикалық жастар жиыны аясында жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Әрине, мұның бәрінде жергілікті атқарушы органдардың қолдауы зор рөл атқарады. Тек бірлікте ғана біз табысқа жете аламыз, – деп атап өтті департамент басшысы.
Іс-шара барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны және қол жеткізген табыстары үшін бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.