Жұмыссыз азаматтар үш айлық білім алып, жұмысқа орналаса алады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби курстар ұйымдастырылып, бүгінде 500 — ден астам адам білім алуда. Олардың басым бөлігі техникалық және есеп-қисап саласын таңдаған.
Хашимбек Расулматов немересін қысқа мерзімді оқыту курсынан өткізбекші. Өйткені, білім ошағын жақында ғана тәмамдаған жасөсіпірім, жоғарғы оқу орнына түсе алмаған. Сол себепті, шаштараз немесе аспазшы мамандығын оқып, жұмыс істесе деп отыр атасы. «Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік» дейді. Айтуынша, бұған дейін қысқа мерзімді оқыту курсы бар екенін білмеген.
Хашимбек Расулматов, қала тұрғыны: «Менің немерем бар. Соны оқыту керек. Балы жетпей қалды. Ол өзі тігуге қызығады. Қазір наубайханада жұмыс істеп жатыр. Папа мамасымен ақылдасып, осы курсқа жібереміз. Анасымен, әкесімен ақылдасамыз. Кіріп білейінші деп едім. Жақсы екен. Шаштаразға ма, өзі қызығады. Бізге жақын болу керек».
Мамандардың айтуынша, курсты сәтті аяқтаған азаматтарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, оқыту тегін жүргізіледі және тыңдаушыларға шәкіртақы төленеді. Бағдарлама аясында жұмыссыз жүрген тұрғындар жаңа мамандық алып, тұрақты табыс табуға жағдай жасалады.
Айта кетейік, 2025 жылы қысқа мерзімді оқыту курсы бойынша 710 азаматтың білім алуы жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 500 -ден астам қалалық тұрғын білімін шыңдап жатыр. Алдағы уақытта олар аспазшы, шаштараз, сантехник, дәнекерлеуші сынды мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады.
Нұргүл Жолымбетова