Түркістан облысында 3 күн бойы іздеуде болған туристер табылды. Өкінішке орай, бірінің мәйіті табылса, екіншісі бірнеше күн бойы аш-сусыз қалған. Тіпті, ұйқы көрмеген дейді туыстары. Қазіргі таңда ол ауруханаға жеткізіліп, толық тексеруден өтуде.
Шымкент қаласының екі тұрғыны тауға шығып қайта оралмаған. Оларды іздеу жұмыстары 1 қыркүйекте басталды. Үш күн бойы тоқтаусыз іздеу салған мамандар, 29 жастағы Акмаль Махкамовтың мәйітін тапты. Ал, 28 жастағы Андрей Орлов үш күн бойы аш, сусыз тау шыңында қалған. Тіпті, ұйқы көрмеген. Өйткені, биіктіктен артық қимыл жасаса құлап кетуі мүмкін болған. Бұл туралы ағасы Кирилл Орлов хабарлады. Оның айтуынша, бауыры аман-есен жақындарының жанында.
Кирилл Орлов, Андрей Орловтың ағасы: «Ол, қайтып оралды. Өте қуаныштымыз. Құдайға шүкір. Қазіргі оның жағдайы жақсы. Әкем мен бауырым ауруханаға алып кетті. Күттік. Ұйықтамадық. Осығанда шүкір. Біз үшін уайымдағандарыңыз үшін шын жүректен рахмет айтамын».
Іздеу жұмыстары Сайрамсу шыңы ауданында теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағында, Қасқасу ауылынан 8 шақырым жерде жүргізілді дейді мамандар. Сондықтан туристерді іздеу жұмыстары қиындық тудырған. Соған қарамастан жұмыс істеген құтқарушылар, Андрей Орловпен дауыстық байланыс орнатқан.
«»Ізгі ниет» асуы ауданындағы операция барысында ТЖМ құтқарушылары туристердің бірімен дауыстық байланыс орнатты. Жартасты жерге тікұшақ жақындай алмағандықтан, оқиға орнына жете алмады және құтқару тобы жаяу жүруді жалғастырды. Құтқарушылардың бастамасы бойынша Шымкенттегі базадан Қазақстан альпинизм федерациясының бес кәсіби альпинисті жеткізілді, олар құтқарушылармен бірлесіп іздеу және эвакуациялау жұмысын жалғастырды. Альпинистер арнайы жабдықты пайдаланып, жартастарға көтеріліп, тірі қалған бір туристті, сондай-ақ қайтыс болған адамның денесін тапты. Жәбірленуші мен дене төмен қарай тасымалданды. Ал,марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне берілді».
Түркістан облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі
Айта кетейік, марқұм бұған дейін «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағында Сарыайғыр шыңында болып, бейнематериал жүктеген. Ол, 1996 жылы туылған Өзбекстан Республикасының азаматы.
Айта кетейік, құтқару операциясына ТЖМ жеке құрамының 18 адамы және 5 бірлік техникасы, Орман шаруашылығы, полиция бөлімшелері, Қазақстан альпинизм федерациясының альпинистері, сондай-ақ ТЖМ ұшқышсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.
Нұргүл Жолымбетова