Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің нұсқауына сәйкес, Шымкент қаласы Абай ауданының аумағында «Учаске» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрғындармен тығыз байланыс орнату.
Іс-шара барысында келесі жұмыстар жүргізілуде: Пәтерлер мен жеке тұрғын үйлерді аралау, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу; Қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды анықтау; Ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізу; Рұқсатсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты заң бұзушылықтарды анықтау; Миграциялық заңнаманың сақталуын тексеру.
Шараның мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының аумағында да «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Сондай-ақ, қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, заңсыз көші-қонның жолын кесу болып табылады. Шара барысында көші-қон заңнамасын бұзғандар тексерілуде. Бүгінде қалада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соған орай көрші елдерден келген еңбек мигранттарының елде жүріп, тұру тәртібін бұзған бұзбағаны жіті тексерілуде.
Айта кетейік, Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1-қарашаға дейін жалғасады.