Сарыағашта зейнеткерді бауыздап өлтірген Өзбекстан азаматын Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәжбүрлі емге жіберу туралы қаулы шығарды. Сот қаулысына зейнеткердің туыстары келіспеген.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Адам өлтіру» бабымен күдікке ілінген 39 жастағы Өзбекстан азаматын мәжбүрлі емге жіберді. Сот қаулысына қарағанда, мамыр айында түнде Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында зейнеткердің беті мен көзіне балтамен ұрып, арқанмен буындырып есінен тандырған. Артынан бауыздап, екі қолы мен жыныс мүшесін кесіп алған.
«Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлім себебі: жарақаттық және гемаррагиялық шокпен асқынған бастың мойын бөлігінен кеңірдек, өңеш, 1-ші мойын омыртқасының, жұлының, үлкен қан тамырларының кесіліп шабылған жарақаты, бас бөлігінің жарақаттық ампутациясы болып табылады. Өлім мерзімі, мәйіттің бөлшектерін сот-медициналық зерттеуден алдын, шамамен бір тәулік аралығында болған»
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы
Сотта айыпталушының кінәсі дәлелденген. Ол жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқаны дәлелденген. Десе де сот-психиятриялық сараптамасының қорытындысы оның «Шизофренияның параноидті түрі» түріндегі созылмалы психикалық аурумен ауыратынын, 6 жылдан бері есепте тұратынын анықтаған. Айыпталушы өз әрекетінің сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғынбаған.
«Нуриддинов Абдулхамид Мухторович Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында қарастырылған қоғамға қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес күйде жасаған адам ретінде қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Оған интенсивті байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шаралары тағайындалсын»
Сот қаулысына қарағанда, айыпталушы Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас ауылындағы жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі Республикалық психиатриялық ауруханасына жіберілген. Десе де зейнеткердің туыстары сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Дилара Иса