2026 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Қазақстанда Жаңа салық Кодексі қолданысқа енгізіледі. Салық әкімшілендіру, жеңілдіктер мен мөлшерлемелерді қоса алғанда, барлық негізгі бағыттарды қамтиды. Реформа салық жүйесін жеңілдетуге, бизнесті қолдауға, әлеуметтік осал топтарды қорғауға және экономиканы дамытуға бағытталған. Осы маңызды мәселе төңірегінде Әл-Фараби ауданы бойынша салық басқармасы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сауалнама: Жаңа салық кодексі жайлы естідіңіз бе?
«Ия, барлық жерде айтып жатыр ғой».
«Келер жылдан бастап Жаңа Салық Кодексі енгізіледі дейді ғой». «Жоқ, не өзгереді екен».
Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Не өзгереді?
* Салық есептілігінің көлемі 30 % қысқартылады
* Салық түрлері 20 % азайтылады
* Салықтық жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады
* Салық әкімшілендірудің жаңа тәсілдері енгізіледі
* Берешекті өндіріп алу және төлем мерзімін кейінге шегеру тәртібі қайта қаралды
Жаңа салық жүйесі бизнеске де, жеке тұлғаларға да анағұрлым түсінікті және ашық болады.Өзгерістер мен толықтырулар жайлы сала мамандары түсініктеме берді.
Мәжіт Шерхан, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Бірыңғай жер салығы алынып тасталды. Жекелеген алымдар бойынша мөлшерлемелер қайта қаралып, жеңілдетілді. Үш ғана арнайы салық режимі сақталады:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін
оңайлатылған декларация негізінде
фермерлік шаруашылықтар үшін
* Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар салықтарын мобильді қосымша арқылы есептеп, төлем жасай алады — салық органдарына барудың қажеті жоқ».
Сала мамандары салық әкімшілендірудегі жаңа тәсілдерге де тоқталды. Камералдық бақылау енді ескерту сипатында жүргізіледі. Берешекті өндіріп алу, төлеу мерзімін кейінге шегеру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Шағын берешектер бойынша бизнес-шоттар бұғатталмайды. Барлық шаралар қарыз сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылатын болады.
Нұрмұханбет Сейітқұл, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушысы: «Қосымша құн салығы бойынша негізгі өзгерістер. Негізгі мөлшерлеме 16 % деңгейінде бекітіледі. Медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған:
– 2026 жылдан бастап 5 %
– 2027 жылдан бастап 10 %
Қосымша құн салығынан,тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясындағы қызметтер. Сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу. Баспа түрінде кітап шығару.Археологиялық жұмыстар босатылады.
Мерзімді басылымдарға 10 % мөлшерлеме енгізіледі. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін (шамамен 40 млн ) төмендетілді».
Жаңа Салық кодексіне арналған семинар пайдалы болды, білмегенімізді сұрап алдық,- дейді қатысушылар. Ал толық ақпарды Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан білуге болады.
Екатерина ЗИНЕЦ, «Эврика» ЖШС -нің қызметкері: «2026 жылдан бастап Жаңа Салық Кодексі қолданысқа енгізілмек. Жеке кәсіпкерлер, ЖШС -не қатысты өзгерістер мен жеңілдіктер жайлы білдік. Басқарма мамандары үнемі байланыста, сұрақ туындаса, түсіндіріп береді».
Жеке табыс салығы бойынша жаңа ережелерге тоқталсақ. БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері толықтай ЖТС-тан босатылады. 10 жылдан асқан автокөліктерге көлік салығы төмендетіледі. Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Шынар Оразова