Жеңімпаз спортшыларға құрмет көрсетілді

Шымкентте халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап қайтқан спортшыларға ерекше құрмет көрсетілді. Жеңісті жастарды «AMANAT» партиясының қалалық филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев арнайы қабылдап, олардың жеңіс қуанышын бірге бөлісті. Әлемдік додада көк байрағымызды биікте желбіреткен чемпиондар алғысқа бөленіп, сый-құрметке ие болды.

Ел намысын әлемдік додада асқақтатқан чемпиондарға кезекті рет ерекше құрмет көрсетілді. Марапат иелерінің қатарында Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Оспан Әжібеков, Әлем чемпиондары Айбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай, сондай-ақ ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан бар. Жеңімпаздарға салтанатты түрде шапан жабылып, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, жуырда ғана Ливерпульде өткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар алтын медаль олжалап, ел спорты тарихында айтулы жетістікке жетті. Қорытынды есепте Қазақстан командасы көш бастап, бірінші орыннан көрінді. Бұл – қазақ спортының жаңа белесі әрі жас буынға үлкен өнеге, дейді ұйымдастырушылар.

Мұрат Жолдыхожаев, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, спорт – елдің мәртебесі. Біз чемпиондарымызды әрдайым қолдаймыз және олардың жеңістерін мақтан етеміз».

Жиын соңында чемпиондар өздеріне көрсетілген ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да Қазақстанның атын әлемдік бәсекелерде асқақтатуға бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.

Дилара Иса