«Жеңіс сыйы»: 3 көлік пен пәтерлер

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық аренада ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген ағайынды Сабырхановтарды арнайы қабылдады. Кездесуде қала басшысы спортшыларға Қазақстанның абыройын асқақтатқан табыстары үшін алғыс айтып, олардың ата-анасына да ризашылығын жеткізді. 

Жуырда Ливерпуль қаласында өткен беделді халықаралық додада Сабырхановтар топ жарып, Қазақстан спорт тарихына жаңа жетістік қосқан болатын. Ел мерейін асқақтатқан спортшылардың жеңістерімен қала әкімі арнайы құттықтап, демеушілердің қолдауымен сый сияпаттар табыстады.

Өңір басшысы қос батырға Toyota Camry 80 маркалы көлік пен пәтер, әкесіне Changan XM автокөлігін, ал бапкеріне пәтер сертификатын табыстады.

Махмұд Сабырхан, Әлем чемпионы: «Өте қатты қуаныштымыз. Аллаға шүкір. Төрехан екеуімізде ғана емес, әкеміз бен бапкермізге де жақсы сыйлықтар берді. Көріп жатырсыздар. Үйімізге үш машина айдап қайтып бара жатырмыз. Аллаға шүкір. Енді бұл өзіміздің еңбегіміздің арқасы деп ойлаймын».

Айдархан Сабырхан,  Чемпиондарды әкесі: «Көңіл күйіміз Құдайға шүкір жақсы. Әкімшілік осындай сый сияпатын беріп, көңілімізден шығып жатыр. Балалардың еңбегін елеп, бағалап, қолдау білдіріп жатқан осы жердегі ағайынға барлықтарына рақмет».

Ұйымдастырушылар мұндай құрмет ел мақтаныштарын алдағы маңызды додаға жігерлендіру мақсатында әрі жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді дейді.

Ермек Дәрменов,  Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары: «Олимпиада ойындары келе жатыр. Енді сол олимпиада ойындарына сәрсенбі лицензия алуымыз керек. Бірақ ол жерде лицензия емес, медаль алып келсек пе деп ынталандырып отырмыз. Балалар да өздері шабыттанып тұр. Негізгі мақсатымыз – осы алдымыздағы олимпиада ойындарынан медальмен оралу».

Айта кетейік, бұл жиында Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын иеленген Санжар-Әли Бегалиев, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев және қазақ күресінен әскерилер арасында үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков те демеушілердің қолдауымен пәтер сертификатымен марапатталды.

Ботакөз Әнуар