ЖИ мұнай-газ саласына да енеді

Атырауда «Мұнай-газ саласындағы жасанды интеллект» тақырыбында форум өтті. Еліміздің мұнайлы деген 7 өңірінен 100-ге жуық компания өкілі бас қосқан жиында заманның озық технологиясын осы салаға енгізу жолдары сөз болды. Әсіресе, дамыған елдердің тәжірибесі талқыланып, оны Қазақстан нарығына енгізу мүмкіндіктері айтылды. Ал жиын соңы сала үздіктерін марапаттаумен аяқталды. Олардың ортасында біздің тілшіміз де болып қайтты.

Қазақстан үлкен индустриалды серпіліс алдында тұр. Жаңа зауыттар салынып жатыр, жергілікті өндіріс ұлғайып, отандық сервистік компаниялар күшейіп келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан салаға жасанды интеллектті енгізу жекелеген компаниялардың ғана емес, бүкіл саланың ортақ міндетіне айналуы керек. Форумды ұйымдастырудағы негізгі мақсат та сол.

Әлібек Сайланбаев, Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары: «Операциялық қызметте де көмегі көп. Виртуалды көмекшіні құжат рәсімдеу бойынша немесе ережелерді жылдам біліп отыру үшін қолдануға болады. Қазірдің өзінде еліміздегі Shell секілді ірі мұнай компаниялары жобалау, жоспарлау салаларында жиі қолданып жүр».

Қазір газдандыру саласында ЖИ жүйесі белсенді қолданыла бастаған. Ол ұялы қосымшаға газ есептегіштің мәліметтерін көрсетіп отырады. Пилоттық жоба өңірлерде өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Төлеген Пазылбекұлы, BBI Empowerment Group ірі жобаларды тарту жөніндегі директоры: «Мұнай-газ саласындағы жасанды интеллекттің болашағы ауқымды әрі түрлендіруші болмақ. Бүгінде сала үлкен қысымға ұшырап отыр — шығындарды азайту, тиімділікті арттыру және бір мезгілде көміртек ізін қысқарту қажет. Осындай жағдайда даму үшін негізгі құрал ретінде дәл жасанды интеллект алға шығады».

Жиын соңы салтанатты рәсімге ұласып, құрылыс, мұнай, қызмет көрсету салаларында көзге түскен компаниялар марапатталды. Олардың арасында BBI Empowerment Group компаниясы да бар.

Ақәділ Қалабаев, BBI Empowerment Group негізін қалаушы: «Бұл марапат мен үшін өте маңызды. Өйткені, біздің 15-20 жылдан бері көрсетіп жатқан қызметіміздің, елге деген жасап жатқан жұмыстарымыздың бір мойындалуы деп қабылдаймыз. Қазақта сөз бар ғой, «өрісің кеңейсін» деген. Осындай форумдардың, осындай KazServis сияқты ассоциациялардың арқасында біздің өрістеріміз кеңейіп, жаңа идеялар пайда болып, жаңа адамдармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндіктер туады».

Маңызы ерекше форумның Атырауда өтуі бекер емес. Елімізде қара алтын өндіретін ең ірі компаниялар осында шоғырланған. Ал жиынға қатысушылардың 40 пайызы — 25 пен 40 жас аралығындағы жас буын өкілдері. Оның да өзіндік себебі бар. Олар еліміздегі мұнай-газ саласындағы ірі компаниялардың цифрлық трансформациясына жауапты қызметкерлер.

Ербол Тұрымбет