Жолдауды қолдау еңселі елдің негізі

фото жеке архив

 

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының кезекті Жолдауын тұтас ұжым болып мұқият тыңдадық. Мемлекет басшысы бұл жолы да өнер жолында жүрген жандарға арнайы көңіл бөлді.

«Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл — құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз» деді Президентіміз. Ұлттық мәдениеттің кең қанат жаюуына хал-қадірінше тер төгіп жүргендердің еңбегі биік мінберден айтылып жатқаны көңіл қуантады.

Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілгені көпшілікке мәлім. Бүгінгі таңда Түркі жұртының рухани астанасында мәдениет саласында ауқымды жобалар мен мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін «Voice of Turan» халықаралық фестивалі, «Түркінің төрі – Түркістан» жас ақындар айтысы, Шәмші мұрасы кеңінен насихатталатын  «Ән аға-Жан аға» сынды бірқатар маңызды шаралар мен жобалар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі, Республика күніне арналған салтанатты шаралар мен «Түркістан дауысы», «Сүгір» атындағы күйшілер байқауы мен  мерекелік концерттерді өткізу жоспарланған.

Өңірімізде соңғы жылдары спорт және мәдениет нысандарының құрылысы ерекше қарқын алып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысында 300 мыңнан астам жасөспірім спорт үйірмелеріне қатысады.

Сондай-ақ, өңірде көптеген жаңа мәдениет үйлері салынып, ел игілігіне берілді. Өткен жылы Отырар, Сарыағаш пен Келес аудандарында жаңа нысандар пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындарының бос уақытын мәдени шараларға арнауына мүмкіндік беріп, өнерге қызығушылығын арттыруға жол ашты.

Сонымен қатар, заманауи үлгідегі кітапханалар мен өнер орталықтары көптеп ашылды. Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы бүгінде жастардың білімін жетілдіретін орталыққа айналған. Жас өнерпаздарға арналған шығармашылық үйірмелер, театр студиялары ашылып, олардың кәсіби деңгейде дамуына мүмкіндік жасалуда. Өнер әлемінде аянбай еңбек етіп келе жатқан жас өнерпаздардың шыңдалуы жолында тәжірибе алмасу бағытында семинар-тренингтер қолға алынып, мәдениеттің өркендеуі жолында күніге маңызды іс-шаралар өтуде.

Түркістан – тарихи және рухани орталық болғандықтан мәдениет нысандары туристерге де қызмет көрсетуге дайын. Жаңа театрлар мен көрме орталықтарында шетелдік қонақтар дәстүрлі өнерімізбен таныса алады. Спорт, әдебиет, мәдениет саласында халқымыздың маңдайына бақ болып біткен дара тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған кино туындылар, театр қойылымдары қойылып, жастарға саналы тәрбие беруде зор ықпалын тигізуде.

Президентіміз өз Жолдауында «Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ» деп атап айтып өтті. Әрине, бойына ұлтжандылық қасиет қалыптасқан әрбір азамат, өз елі мен жерінің болашағы үшін алаңдайтыны, оны бар ынта ықыласымен қорғаштап, мәртебесін биіктетуге ұмтылатыны анық. Ал отандастарымыздың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруда мәдениет пен өнердің берері мол.

«Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір адамның отбасынан бастау алады. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет — еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз» деді Президентіміз. Мемлекет басшысының бұл сөзі жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың ұстанымы мен ұранына айналуы тиіс. Жолдауды тұтас халық болып қолдап, бір мүдде жолында тер төгетін болсақ, біз бағындырмайтын қамал болмасы анық.

Ерназаров Ғалымжан Бақытжанұлы,

Филармония директоры