«Шапито» циркі — Шымкентте!

843
YouTube

Бұл жолы өнер ұжымы жерлестеріміз үшін «Акула» атты айырықша бағдарламасын әкелген. Енді сіз ай бойы темір тоғытылған адамды ғана емес, қиын қимылдарды еркін еңсерген ерлердің «ерлігін» көре аласыз! Сондай-ақ, сахна төрінен жыртқыш аңдардың азуы мен айбатын да тамашалап, әртістердің қару-жасағын түгендеуге мүмкіндігіңіз бар.

«Акула» — «Шапито» циркінің қоржынындағы айрықша қойылым. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Мұнда өмір мен өлімнің ара-жігін ажырататын адуынды бағдарламалар да бар. Яғни, бұл әлекті-әдісті әртістер Сіз бен Біздің қауіпсіздігіміз үшін қайталауға мүлдем тыйым салған. Жә, бұл жөнінде сәлден соң, ал осы сәтте сахна төріне сайқымазақтар серкесі Тим көтеріліп, ерекше шоу-ұсыныммен көпшілікті күлкіге көмді.

Цирк бағдарламасындағы нөмірлердің көрініс-көркі әр алуан. Балалар әлемінен бастап, жыртқыш аңдардың адуын-айбатына астасады. Бастысы, шоу-бағдарламаны көзбен көрген бала алған әсерін әңгімелеп әлекке түсті. Сондай-ақ, кішкентай көрермендерге осындай ғажайыпқа толы туынды-тартулар ғана емес, естелік суретке түсуге де мүмкіндік берілді.

Таңданысқа толы тарту мұнымен шектелмеді. Яғни, көпшіліктің назарына ТМД елдері арасындағы ең епті адамның күрделі қимылдары ұсынылды. Бірақ, ұйымдастырушылар алқасы қауіпсіздік үшін эксклюзивті нөмірді өзгелерге қайталауға қатаң тыйым салынатынын ескертті.

Ал енді көптен күткен күрделі нөмір — цирк алаңына алып күш иесі, темір тоғытылған тұлғаның өзі шықты. Мұны сүр сөзбен емес, көзбен көру керек екенін ұмытпаңыз!

«Біздің циркті кез-келген көрерменнің тамашалап, таңдай қағуға мүмкіндігі бар. Қуантарлығы — шымкенттіктер қазір бізді ерекше құрметке бөлеп, ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Бұл — мені ғана емес, барша ұжымның өнерге деген құрмет-махаббатын еселейтіні анық», — дейді темір тоғытылған тұлға.

Мәскеулік цирк ұжымының «Акула» қойылымын көріп, ғажайыптар әлеміне енуге Сіздің де мүмкіндігіңіз бар. Билеттер қаламыздағы Орталық әмбебап дүкені (Цум) маңайындағы арнайы дүңгіршектер мен Қажымұқан атындағы стадионының кіре-берісінде сатылып жатыр.