Жазасын өтеуші Президентке видеоүндеу жолдады

256
Ибрагим Құдияров

«Түрме бастығы ұрып-соғып, ақша бопсалайды. Қыз-келіншектердің де көрген күні — қорлық». Дәл осындай мазмұнмен ИЧ 167/10 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 31 жастағы азамат Ел Президенті мен Бас прокуратураға видеоүндеу жолдады.

Өзін Ибрагим Құдияров деп таныстырған жігіттің жасы — 31 -де. Тонау қылмысын жасап, 3 жыл 6 айға сотталған. Семейдегі жалпы режимдегі түрмеде 3 жыл жазасын өтеген ол желтоқсанда Шымкенттегі ИЧ 167/10 түзету мекемесіне ауыстырылған екен. Қауіпсіздігі төмен мекемеге ауысқанына 90 күн толғанда, яғни 7-наурыз күні Ел Президентіне келесідей видеоүндеу жолдады.

Ибрагим Құдияров, жазасын өтеуші: «Мен ҚР-ның Бас прокуратурасы мен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және құқық қорғаушыларға үндеу жолдаймын. ИЧ 167/10 түзету мекемесі, дәлірек айтсам бастығы тарапынан психологиялық, моральдық, физикалық тұрғыда қысымға тап болдық. Мұнда сотталғандарды, қыздарды да ұрып-соғады. Бізден ақша бопсалайды. Осы сауалдар бойынша біз жергілікті және облыстық құқық қорғау, қадағалаушы орган — прокуратурадан көмек сұрағанбыз, бірақ ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Сондықтан, сіздерден арнайы тексеру жіберіп, бізді назарға алуыңызды сұранамыз!»

ИЧ 167/10 түзету мекемесі

Шымкенттегі ИЧ 167/10 түзету мекемесінің басшылығы мұндағы ішкі және сыртқы аумақ толығымен бейнебақылау камералары арқылы қадағаланатынын айтып, жазасын өтеуші айтқан жәйттерді жоққа шығарды. Қазіргі кезде қауіпсіздігі төмен мекемеде барлығы 167 сотталған жазасын өтеп, бостандыққа бейімделіп жатыр екен. Ал әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген видеожолдаудың басты кейіпкері жөнінде жауапты қысқа қайырды.

Айбек Тәңірбергенов

Айбек Тәңірбергенов, ИЧ 167/10 түзету мекемесі бастығының орынбасары: «Сотталған Ибрагим Құдияровтың ақыл-есі, бәрі дұрыс. Түскі және кешкі асқа да уақытылы барады. Таңғы тексерулерге де қатысады. Бұған дейін тәртіп бұзушылық жәйттері де тіркелмеген, анықталмаған. Оны оншалықты дәрежеге түсіретіндей бұл мекемеде ондай қысым жоқ. Ұрып-соғу, қысым көрсету деген мүлдем жоқ».

Айта кетейік, қазіргі уақытта бұл қауіпсіздігі төмен мекемеде орын алды делінген жәйтке қатысты арнайы қызметтік тексеру тағайындалыпты. Прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, жақын күндері оқиғаның ақ-қарасын анықтайтын болады.

Мөлдір Бекеева