Төлеби ауданында көпірлер мен баспаналарды жөндеуге 610 млн. теңге қаралған

303

 Төле би ауданында 215 үй сел астында қалған. Ағыстың арыны қатты болғаны сонша, 50 жыл бойына сыр бермей тұрған 4 көпірді де алып кеткен. Қызыл судың салдарынан баспанасыз қалған тұрғындардың жайы қалай? Тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатыр?

Жарты ғасыр бойына сыр бермеген көпірден дым қалмаған. Төлеби ауданы орталығымен байланыстарын өткелдерді арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суы алып кеткен. Қазір кей өткелдер қалпына келтіріле бастады?

Қасқасулықтар қазір аудан орталығына қатынау үшін уақытша қалпына келтірілген аралық өткелден өтіп жатыр. Тұрғындар қызыл су жайқалып өсіп тұрған бау-бақшамызды да тып-типыл етті дейді. 50 жылда болмаған жағдайды көзбен көрген ауылдықтар «арыны қатты ағын су адамның құшағындай келетін ауыр тастарды ағызып әкеткенде қарауға қорықтық» дейді.


Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр бастаған атқамінерлер бүгін аудандағы су тасқыны орын алған елдімекендерде болды. Жергілікті халықпен кездесіп, жағдай сұрасты. Билік өкілдері табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайды деп сендірді.

Жалғыз баспанасы су астында қалған Эйбуллаевтардың жағдайы көрініс тапқан бейне жазба тасқыны болған сол күні-ақ әлеуметтік желілерге тарап кеткен-ді.
Су астында қалған баспана қалпына келтіруге жарамсыз болғандықтан сүріліп тасталды. Жұмысшылар жаңа үйдің іргетасын қалап жатыр. 4 бөлмелі баспананың орнына қазір типтік жоспарлы тұрғын үй тұрғызылуда.

Ділда Эйбуллаева, тұрғын: «Су алдымен бақшадан келді кейін көшеден келді. Өзіміз әрең шықтық. Көмектесіп жатыр, тұрғын үйімізді жөндеп беретін болды».

Жергілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, ауданда су шайған 38 тұрғын үй қалпына келтіруге де жарамсыз болып қалған. Әзірге 8 малдың өлексесі табылған. Бұдан бөлек тұрғындар тасқынның салдарынан қора-қопсы, көлік жайларынан да айфрылған. Алайда, үкімет тарапынан ең алдымен баспанасыз қалған тұрғындарға көмек көрсетіледі дейді әкімдіктегілер.

Лесбек Серікбаев,Төлеби ауданы әкімнің орынбасары: «Құрылысшыларды асықтырмаймыз. Сапалы жөнделуі керек. Бірақ, тұрғындарды ертерек үйлеріне жайғастыратын болады».

Әзірге су шайып кеткен 5 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тасқын судан зақым келген аудандық және облыстық маңызы бар көшелер жөнделуде. Көпірлер мен баспаналарды жөндеуге 610 млн. теңге қаралған. Қалған шығындар әлі де есептелуде.

Мақпал Рысбаева