Ынтымақта тұрғындар шошқаның иісіне тұншығып отыр

23
Фото: Отырар.кз

Мегаполис жұрты жағымсыз иістен тұншығып жатқандарын айтады. Ынтымақ-2 шағынауданының халқын шошқа бағылатын фермадан келетін иіс шаршатқан. Тұрғындардың бастамашыл тобы мал шаруашылығының айналасын зерттеп, шаруа қожалығының иесімен кездесті. Шаруашылықта өсіріліп жатқан шошқа өнімдері қайда жіберіледі? Иіс шынындада осы фермадан келіп жатыр ма? 

Шымкенттегі Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғындарын жағымсыз иіс шаршатты. Тұрғындар бұл сасық иіс маңайдағы шошқа бағылатын шаруашылық кешенінен келіп жатыр дейді. Қолқаны алатын иіске тұншыққандар шаруа қожалығының адамдары шошқаның қалдықтарын суға ағызып жатыр деп отыр.

Серік Дүйсенов, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны:
«Тазалағыш құралдан келіп жатқан жоқ ол иіс. Біз онда барып, тексеру де жүргіздік. Ол жақта иіс шығып жатқан жоқ. Иіс осы жерден келіп жатыр. Суға шошқаның боқтарын жіберіп жатыр. Сол мәселе ғой, елдің жан айқайы».

Бұрын «Достық» шаруа қожалығында үш мыңнан аса шошқа бағылған екен. Қазір «бұл сан айтарлықтай төмендеді»,-дейді шаруашылық иесі. Сондайқ — ақ, ол фермадағы шошқа өнімдері қаладағы базарларға кететінін мәлімдеді.

Ералы Еранов, «Достық» шаруа қожалығының иесі:
«Қазір енді 450 бас қалды. Оны сақтап тұруым керек. Үкіметтің заңы солай. Соны жаңа жылға дейін ұстасам, бәрін құртамын. Бір кісі сиырларын, жылқыларын бағайын деп жатыр. Соған беремін осы жерді. Жылқының иісі шықпаса баға береді».

Қожалық иесі шошқалардың қалдығын сақтау үшін фермада арнайы контейнерлер бар деп сендірді. Бірақ жергілікті тұрғындардың ішке кіріп, жағдайды өз көзімен көруіне рұқсат бермеді. Бұл мәселе әкімдікке де жетті. Билік өкілдері ферманы қысқа уақыт ішінде жабамыз деп отыр.

Қанат Керінбеков, Абай ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы :
«2023 жылы ауыл шаруашылық басқармасынан субсидия алған. 5 млн теңгенің төңірегінде. 2024 жылдың маусым айының соңына дейін кепілдемесі бар. Ол кепілдеменің мерзімі өтті. Жақын арада шошқа шаруашылық қожалығын толық жауып тастау бойынша тиісті жұмыс атқарамыз. Халықтың шағым-өтінішін ескереміз».

Жергілікті тұрғындар айтулы мәселе бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне де жүгінуге ниетті. Мамандар жағымсыз иістің мәселесін шешу үшін, онда тазалық талаптары қаншалықты сақталып отырғанын анықтайтын болады. Өздеріңіз көргендей жұрт жүйкесін тоздырған шошқа ферманың жабылуына шаруашылық иесінің өзі де қарсы емес.