Өрттен зардап шеккен 2 адам ауруханада жатыр

23
Фото: Отырар.кз

Шымкентте демалыс күндері орын алған өрттен 10 адам зардап шеккен, оның қазір 2-еуі ауруханада жатыр. Қызыл жалын толық сөндірілгенмен, төтеншеліктер оқиға орнын бақылауына алған. Бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Сенбі күні «Ордабасы» индустриалды аймағында техникалық газ қабыршақты күкірт жанып кетті. Ал жалын шарпыған сәтте 10 адам зардап шеккен. Оның 6-ауы жедел жәрдем қызметкері болса, 1-еуі өрт сөндіруші және 3 кәсіпорын қызметкері. Қазір 2 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның бірінің денесі 25 пайыз күйік шалған.

«Науқастардың бәріне алғашқы көмек көрсетіліп, 3 науқас ауруханаға жатқызылды. 1 термиялық күйік, 2 түтіннен уланы бойынша, орташа дәрежелі ауырлықта жатқызылды. Қазір 1 науқас шығып, 2 науқас жатыр. Біреуі күйік, екіншісі токсикологияда. Ол науқастың жағдайы жақсарды. 1 науқас 25 пайыз күйік алған. 2 қолы мен 2 аяғы. Науқас өрт кезінде құлап қалған», — дейді Т.О. Орынбаев атындағы қалалық жоғары қысымды оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.

Өрттің қауіпті болуына байланысты жақын маңдағы шағынаудан тұрғындары басқа жерге көшірілді. Нақтырақ айтқанда шаңырақтық 443 адам мектепке эвакуацияланған. Ал Дүрия Сариева 5 немересі, баласы мен келінін алып туыстарының үйін уақытша паналапты. Олар қазір өз баспанасына қайтып келгенмен, денсаулықтарына алаңдаулы.

«Осындай өрт болып жатыр деді. Шошығанымыз рас, қорықтық. Үрейлендік. Сыртқа шығып қарасақ, көк түтін аспанға тарала бастапты. Иіс шыға бастаған. Сонсоң бала-шағаның қамы үшін бәріміз кеттік. Ертесіне сәл-сәл иіс болды. Қазір басылған сияқты. Бірақ ауыл тұрғындарының өтініші бойынша қайта сынама алып, бала-шағамыздың денсаулығы үшін бәрін тексеріп беруді өтініп жатырмыз», — дейді Шаңырақ шағынауданының тұрғыны Дүрия Сариева.

Ал экология департаменті қазір жағдайдың тұрақталғанын айтады. Өрт орын алған кезде күкірт диоксиді 40 есеге жуық, ал көмірқышқыл газы 1,6 есеге артқан. Кеше жүргізілген тексеру бойынша ешқандай артық көрсеткіш анықталмапты.

Фото: Отырар.кз

Жалын сөндірілгенмен мұнда әлі де төтеншеліктер жұмыс істеп жатыр. Ал оқиға орын алған аймаққа әзірге өту мүмкін емес. Қазір қойма мен өндіріс орны уақытша тоқтап тұр.

«Ордабасы» индустриалды аймағына жауапты мамандардың сөзінше бұл нысан 2021 жылы кәсіпкерге жалға берілген. Мұнда олар күкіртті қаптаумен айналысқан көрінеді. Ал оқыс оқиға салдарынан 5 кәсіпорын жұмысы тұралап тұр. Қазір мәселені шешу жолы қарастырылып жатыр. Мамандар егер келтірілген шығын өтелмесе, жалға алушының үстінен шағымданамыз дейді.

«Келісімшарт бойынша міндеттемелер: өрт сөндіру, қауіпсіздікті сақтау. Бәрі келісімшартта көрсетілген. Біз олардың қызмет етуіне араласа алмаймыз. Аумақ жалға берілді, ары қарай өздері жұмыс істеуі керек. Бұл жерде шарт бұғылған. Жалға алушының міндеттемесі өрескел бұзылуына байланысты екіжақсы сот жұмысы жүргізіледі. Егер бұл кісілер барлық міндеттемені орындаймыз десе, келісімшарт бұзылмайды. Егер мына жағдайдан кейін жұмыс істемейміз десе. келісімшарт бұзылады», — дейді «Ордабасы» индустриалды аймағы» ЖШС-інің қаржы директоры Мұқағали Шынарбаев.

Бұл жайтқа қатысты полиция департаменті іс қозғап, тергеу амалдарын бастағанын айтады.

«Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексі 325 баптың 3 бөлігімен «Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Сондықтан оқыс оқиға орны қоршауға алынып, патрульдік полиция қызметкерлері күзетуде. Өрттің себебін анықтау жұмысы жүріп жатыр», — дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

1 тәулікке созылған өртпен күрес жұмысына 160-тан аса қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмысдырылған. Тіпті инертті заттарды себуге теміржол мамандары да атсалысқан.

Денсаулық басқармасы 2 күн бойы медициналық қызметкерлер төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп, 200-ден аса төсек орны қосымша дайындалғанын айтады. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметіне де басымдық берілген.

«Ести сала 10 жедел жәрдемді сонда жұмылдырдық», — дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Мамандар қазір жағайдың тұрақталғанын айтады. Естеріңізге салайық, Ордабасы” индустриалды аймағындағы өрт 27 шілде 11-лер шарасында басталып, 28 шілде 00:36-да оқшауланды және 05:01-де жойылды.