Түркістан түрленіп келеді

Қала әкімінің айтуынша, Түркістанда соңғы үш жылда 158 білім беру мекемесі бой көтерген
Қала әкімінің айтуынша, Түркістанда соңғы үш жылда 158 білім беру мекемесі бой көтерген

Облыстың 80 жылдық мерейтойына орай аудан, қала басшылары атқарған шаруалары жөнінде есеп беруге кірісіп кетті. Арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев алғашқылардың бірі болып жасалған жұмыстар мен алдағы таңда атқарылуы тиіс басым бағыттар жөнінде журналистерге айтып берді. Қала әкімінің айтуынша, Түркістанда соңғы үш жылда 158 білім беру мекемесі бой көтерген. 170 елді мекен ауызсумен қамтылып, жаңадан 133 медицина нысаны ашылыпты. Әлеуметтік-экономикалық дамуы біршама көтерілген руханият орталығында биыл 4 инвестициялық жоба жүзеге аспақшы екен. Алайда, қылмыс саны азаймай отыр. Әкім бұған қалаға келген қонақтар кінәлі деп қойып қалды.

Облыста жүргізілген мониторингтік көрсеткіш бойынша былтыр 8-ші орынға тұрақтаған Түркістан қаласы биыл екі сатыға жоғарылапты. Ендігі мақсат — туризм саласын дамытып, қонақтарға сапалы қызмет көрсету. Биыл Үкаш ата кесенесіне баратын жолды жөндеуге облыс қазынасынан қаржы бөлінген. Ал келер жылы бес жұлдызды қонақүй бой көтермек. Рухани қаланың әкімі Түркістанның экономикалық, әлеуметтік дамуын, инфроқұрылымдық жүйелердің жолға қойылып келе жатқаны туралы толық ақпараттар берді.

Сонымен қатар, журналистердің сұрақтарына да жауап қатты. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2012 жылдың 9 айында әр салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізілген. Есепті мерзімде қаланың жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға артып, 36 млрд. 460 млн. теңгені құраған. Оның ішінде ауылшаруашылыққа — 32,5%-ы, өнеркәсіпке — 16,9%-ы, негізгі капиталға бағытталған инвестицияға — 26,5%-ы және өткізілген тауарлар, көрсетілген қызметке — 24,1%-ы тиесілі. Есепті кезеңде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарында қолданыстағы бағамен 6186,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен  жылдың осы мерзімімен салыстырғанда  2,3%-ға артқан. Ағымдағы жылы 6 кәсіпорын іске қосылған.

Қала бойынша 673 жаңа жұмыс орны, оның ішінде  шағын және орта кәсіпкерліктің ашылуына байланысты 317 орын, «Ырыс» микрокредиттік ұйымы арқылы 43, индустриалдық картаға енген  жобалардың  іске қосылуы есебінен 195, жұмыспен қамту орталығы арқылы 66, іске қосылған инвестициялық жобалар арқылы 52 жұмыс орны ашылыпты. 2012 жылдың 9 айында белсенді іс-әрекеттегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9957  құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5% артқан.

Кәсіпкерлік субъектілері 30 млрд 8 млн теңгенің өнімін өндірген. Есепті мерзімде  «Максимум» АИО арқылы 68 жоба 315,5 млн. теңгеге  тапсырылып,  222,2 млн теңгеге  32 жоба  қаржыландырылған. Өткен жылмен  (01.10.2011 ж. 84 жоба 94,5  млн. теңге) салыстырғанда  қаржыландыру 2,3 есеге  өсіпті.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының төртінші бағытын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу бойынша тегін сервистік қызмет көрсету жөнінде 85 өтінім және кәсіпкерлік субъектілер басшыларын оқыту бойынша «Югнак» ЖШС-і басшысы Нұрсұлтан Абдуллаев «Назарбаев Университетінде» оқудан өтіпті.Қаладағы ет өнімдерін шығаратын «Түркістан» селолық тұтыну кооперативінің өндіріс кешеніне баратын құны 72,7 млн теңгені құрайтын, ұзындығы 2,1 км автомобиль жолын салу жобасы мемлекет тарапынан іске асырылып жатыр екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ