Жылжымалы емхана ақысыз қызмет көрсетті

368

«Денсаулық пойызы» оңтүстіктегі шалғай ауылдарды аралады. Жылжымалы емхана халыққа медициналық көмек көрсетіп, қауіпті жұқпалы ауруларды анықтады. Өңірдің алыс – жақын ауыл-аймағын түелге жуық аралап шықты.

Медициналық тексеруден өтетіндер үшін денсаулық пойызы тиімді. Өйткені мұнда дәрігерлерге ешқандай жолдамасыз, әрі ақысыз тексеріледі. Биыл оңтүстікте жылжымалы емхана бір айдан аса жұмыс істеп, шалғайдағы халыққа әлеуметтік көмек көрсетті. Пойыздың ішінде ультра дыбыстық тексеру құрылғысы, стаматологиялық құрылғылар және көздегі ахауды анықтайтын құралдар орнатылған.

Денсаулық пойызымен шалғайдағы ауылдарды аралап шыққан дәрігерлер биыл белсене жұмыс істеген. Нәтижесінде Арыс ауданындағы үш елді-мекенде 21 бруцеллез ауруын анықтапты. Сондай-ақ, жеті адамға туберкулез диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, шалғайдағы халық арасында қауіпті аурулардың көп таралуы медициналық көмектің төмендігінен көрінеді.

Биыл денсаулық пойызы ауылдағы 32 станцияға тоқтап, әлеуметтік көмек көрсеткен. Медициналық тексеруден өткендердің саны жылдағыдан екі есеге артып отыр.