Әділет департаменті тегін кеңес береді

568

Мамырдың 3 мен 5-і аралығында ОҚО-тық әділет департаменті республикалық акция аясында «Әділет департаменті кеңес береді» іс шарасын өткізеді. Алғашқы шара бүгін облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының ғимаратында ұйымдастырылды. Азаматтарға Құқықтық көмек тегін көрсетілді. Акция 4 мамырда халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылып, 5-і күні әділет департаментінде қорытындыланады.

Құқықтық көмекке жүгінген мына азаматша қызының мәселесімен келген болатын. Ал қабылдау барысында әлеуметтік жағынан оны баспананы жалға алу тәртібі мазалап жүргені анықталды.

Шымкенттік Анатолий Еремин жылу берушілерге наразы. Осы күнге дейін 2007-2008 жылдары пәтерінде болмаған жылудың түбіртектері келуде екен. Енді екінші топтағы мүгедек жан әділдік жолында аянбаймын дейді. Мына азаматша сот шешімімен келіспейтінін, осы тұста кімге шағым жасауға болатынын сұрай келіпті. Ал сонау «Достық» шағынауданынан келген Дүйсенкүл Қасымқұлова көзіне отаны жасамақ, бірақ жолдарын білмейді.

Дүйсенкүл Қасымқұлова, «Достық» шағынауданының тұрғыны: «Денсаулығым жоқ. Мүгедекпін. Қан қысымы  көтеріліп, көзім  көрмей қалды. Әрең келдім, барлығы бұлыңғыр».

Баян ШАЛБАЕВА, адвокат: «Біз Қасымқұловаға денсаулық сақтау басқармасына жүгіну жөнінде кеңес бердік. Емдеу бөлімінің байланыс телефонын да жазып бердік».

Еркін Отарбаев, ОҚО Сот актілерін орындау департаменті бастығының орынбасары: «Медицина мекемелерінде қандай қызмет түрлеріне тегін қызмет көрсетілетіні жазылған тақтайша ілініп тұруы тиіс. Мемлекеттік бағдарламада аз қамтылған отбасыларына медициналық көмек көрсету тараптары қаралған. Сондықтан да азаматшаға басқарма бастығының қабылдауына барып, мәселені шешу жөнінде кеңес берілді.»

Қабылдауды аймақтық әділет органдарының қызметкерлері, облыстық адвокаттар алқасы, нотариалдық және баға беруші палаталар, «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері жүргізуде. Мұнда жеке азаматтарға ғана емес, заңды тұлға өкілдеріне де құқықтық көмек көрсетілуде. Бірде бір шағым назардан тыс қалмайды дейді ұйымдастырушылар.

Берік Тыныбеков, ОҚО әділет департаменті бастығының орынбасары: «Былтыр сәуір айында осындай акция өткізген болатынбыз. Тұрғындардың көңілінен шықты. Қазір қабылдауда болған азаматтардың шағымы бойынша барлық деректі алдық. Өзіміздің құзырымызға кіретін мәселелерді осы жерде шешіп беруіге тырыстық. Құзырымызға жатпайтын сұрақтарды жазбаша түрде тиісті органдарға жібереміз. Олар біздің бақылауымызда болады».

Азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмен екенін баса атап өткен заң мамандары аталмыш іс-шара осындай келеңсіздіктерді жоюға бағытталған қадам дейді. «Әділет департаменті кеңес береді» акциясы 4-мамырда халыққа қызмет көрсету орталығында, 5-мамырда әділет департаментінде сағат 10 мен 13. 00 аралығында өтеді. Мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмаңыздар.

Заң мамандарына сұрақтарыңыз болса, 33-79-29 байланыс телефонына хабарласыңыз. Әділет департаменті Шымкент қаласы Желтоқсан 16 үйінде орналасқан.