Ұлттық бірыңғай тестілеудің 3-күні

252
Перзенттеріне алаңдаған ата-аналарға жауын да кедергі бола алмады

Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны жалғасуда. Бүгін №2 тестілеу бекетінде 472 түлек білімін таразылады. Оқушылар таңғы сағат 9-дан бастау алған тестілеуден түскі сағат 13-30-дарда біртіндеп шыға бастады. Ал тыстағы ата-аналардың перзенттеріне деген алаңдау-қобалжуына жауған жауын да кедергі бола алмады.  Ғимарат алдында тапжылмай тұрды. Себебі аудиториядан алғаш шыққандар іштегі талаптың қатаң екенін айтып, дабыл қағып жүр. Ұялы телефон байланыстары тұншықтырылып, әзірлеген көмек қағаздарын қолдана алмапты. Сондықтан болар, талапкерлердің жүзінен қуаныш байқамадық.

Динара Әбуова
Динара Әбуова №2 тестілеу бекетіндегі Министрлік өкілдері қаталдық танытты деп отыр

Динара Әбуова, №23 мектептің түлегі, «Білмеймін, өзім қатты қорықтым. Іште өте қатал, қатты қорықтық. Алдыңғы «потоктағылардан» бәрі оңай болды, онша қатал болмады дегенді естіген едік. Бірақ бізде өте қатал болды. Ештеңе қолдана алмадық, ұялы телефон, «шпоргалка» дегендерді қолдануға мүмкіндік бермеді. Ешкімге звондай да алмадық, бәрін өзіміз белгілеп шықтық».

Мархабат Жексембаева, ата-ана: «Ешқандай заңбұзушылықты көріп тұрған жоқпыз. Бірақ іштен шыққан балалардың көңіл күйі жоқ. Мұндағы бір оқушы жылап шықты тіпті. Іште не болып жатқанын білмейміз, балаларымыз тек қатал болды дегенді ғана айтып жатыр бізге. Баланың психикасын бұзуға болмайды. Өзі қорқып тұрғанда, не белгілеп отырғанын білмей қалады олар».

Абыр-сабыр. Монитор мен есікке телміріп, ата-аналар жүр. Олар Министрлік өкілдерінің қаталдығымен келіспейді. «Қорыққанға қос көрінеді» , оқушылар өз білімін дәлелдей алмауы мүмкін деп алаңдаулы. Алғашқы күні тест сынағы алаңындағы еркіндікті естіген оқушылардың бүгін жағдайы мәз болмай тұр. Тестілеу жауабы бүгін кешке анықталады. Нәтижеге келіспейтіндер аппеляция көмегіне жүгінетін болады.