Қазақтың қатепті қара нары

Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс

Қазақта нар деген ұғым бар. Сөздің түптұлғасы түйе түлігіне барып тіреледі. Махамбет жыраудың «Қатепті қара нар керек біздің бұл іске…» дегені жәмиғатқа мәлім. Біз сөздің тұлғасын алғанымызбен ауыспалы, баламалы мағынасына ден қойып отырмыз. Нар, қара нар, қатепті қара нар… Сүйгенін «шұнағым…» дейтін қазақ қимас перзентін, ел үшін ұрысқан, ел тағдыры үшін тұрысқан дара дарақтарды, халқым деген қарақтарды солай баламалап атап, бауырына тартып, сүйсініп, іштей сүйіп отырады емес пе?! Тағдыры әңгіме арқауына айналып отырған Жұмабек Тәшенов қазақтың осы ұғымына лайықты, нар перзенттің бірі!

Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс
Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс

Баламалы сөзді қолдануын қолданып алып, оның күні ертең бояуы оңып кетерін де анық байқап отырмын. Ол бояуды, ол баламалы сөздің орнын «Жұмабек Тәшенов» деген ұғым басып кете баратын болады әлі-ақ. «Жұмабек Тәшенов» десек нар тұлға, асқар биік, асқар шың, қыран жүрек ұғымдары өзінен-өзі көңіліңе ұялай кететін болады. Жұмабек Тәшенов – қайраткерліктің өлшеміне айналады. Онымен қанаттас жүрген, қатар қызмет істеген азаматтарды «неге ғана Тәшенов бола алмады?», «Неге ғана Тәшеновке ең болмаса сүйеніш бола алмады екен?»-деп көңілімізді өкінішке алдырып жатармыз-ау сонда. Біз біртіндеп сол ұғымға келе жатырмыз. Бізді ондай түсінік, ондай ұғымға еріксіз жетелеп алып келе жатқан Жұмабек Тәшеновтің туған халқы тағдыры қысылшаң екіталай халге ұшыраған кезінде басын бәйгеге тігіп қасқайып қарсы тұра алғаны. Туған халқы үшін отқа түсіп араша сөзін айта алғаны. Бұлар – Жұмекеңнің кеңестік қызметке құл болмай, халық алдында қалаулы перзент – ана сүтін адал емген арда ұл болғанын көрсетеді. Жұмекеңнің туған халқының – қазақ ұлтының алдында перзенттік парызын ақ-адал атқаруы – рухани маңызы зор саяси ерлік! Жұмекеңнің ерлігін айта бастасақ әлгінде ғана қолданған қазақ халқының нар перзентінің бірі деген бағамыз да әлсіз, нәрсіз тартып кетеді. Өйткені, қайраткерлік өлшемге айналар Жұмабек Тәшенов – қазақ халқының қайталанбас қайраткерінің – бірегейі!

Қайраткерлік ұғымына анықтама беріңкіреп сөйлеп отырған себебіміз бүгінде бұл сөздің әрі де, нәрі де кетіп, мазмұны сұйылып барады. Мойны министрге жеткен мемлекеттік қызметкерді «қайраткер» атап дабырайтамыз. Оның кейбірі ертеңіне сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, сотталып кетіп жатады. Өкінішті!

Оу, сонша ту сыртынан таусыла сөйлерлік Жұмабек Тәшенов кім? Мен оны қаншалықты білемін?

Үкімет үй салды. «Кімге беру керек?», «Бірен-саран қазаққа, қалғанын орысқа беру керек. Өйтпесе халықтар достығына нұқсан келеді…» Жоғары жақтың ұйғарымы осындай болыпты. Сонда атаңа мың да бір рахмет Жұмабек….

Оның өмірбаянында шаруамыз жоқ. «Биография» – «география» жағымсыз ұғымдары бұл жерде жүрмейді. Сол бір сын сәтте қазақ жері үшін тұрыса алған, ұрысып, тұрысып – құрбан болған Жұмабек Тәшенов бағзыдағы Мөде десе болады. Мөде? Мөде тағлымы не айтады?

Мөде – түрік ұлт-ұлыстары бір-бірінен енші алыспаған бағзыда сұмдық ерлік жасаған қағанымыз! Ол не істеген?

Түрік тайпасы бейбіт күн кешіп жатады. Алып көрші сықсиып қарап, әуселесін байқау мақсатында қағанның тақымындағы халықаралық өреде танымал қыл құйрық жүйрігін – Тайбурылды сұрайды. Қаған уәзір, ақылшы, кеңесшілерін жиып ақылдасады. «Не істейміз?». «Бермеу керек. Бұл бізді басынғаны көршілердің.» Уәзір біткен басын қайқайтып алған. Бәрінің сөзі бір жерден шығып тұр. Сонда Мөде айтыпты:

Береміз! Қаншама желмен жарысқан жүйрік дегенімізбен сырты түкті, іші боқты хайуан. Хаюанға бола көршімен татулықты бұзбайық.

…Көрші ел тағы да аузын ашыпты. Қағанның сүйіктісін сұратыпты. Қаған жары. Қаған сүйіктісі. Алты құрылыққа аты шыққан сұлу. О, заманда, бұ заман бір елдің қағанының қатынын екінші елдің патшасы сұрағанды кім көрген? Қағанның жарлығымен жиналған уәзір біткеннің жанарынан от ұшқындапты. «Бермеңіз, тақсыр!», «Сүйекке таңба.»

Береміз! Қаншама жан тартып сүйер жарым болғанына қарамастан ел мүддесінен артық емес. Бейбіт тыныштық жолына құрбан.

Уәзірлер жағасын ұстапты!

Сықсиған көршілер түріктің далиған кең байтақ жеріне сұғын қадапты.

Жер сұрапты. Уәзір біткен тақымындағы атын, қойнындағы қатынын көрші елге беріп жіберген қаған ием – иен жатқан жердің бір пұшпағы үшін бізді несіне бола жинап отыр?-деп күңкілдесіпті өзара. «Берейік! Берейік! Татулық, бейбіт өмір керек, берейік!» – десіпті олар бөрінің көтіндей шулап.

Сол сәт Мөде қаған қатты ашуланыпты.

Бұл не тантығандарың? Тайбурылды берсем, Тайбурыл туған қасиетті түрік биесі тағы да бір жүйрік құлын туар –дедім. Қатынды (түрік тілінде «ханым» деген ұғымды білдіреді) берсем, түріктің алтын құрсақ әйелдері маған қатын болар бір қыз туар дедім. ЖЕР – біздің анамыз. Өлеміз, тірілеміз, ұлтарақтай да жер бермейміз түрік жерінен! Жер-Анамыз үшін жанымыз құрбан! Атқа қоныңдар! Халықты көтеріңдер!

10-014

Міне, Мөде қаған тағлымы!

Тарих спиральды қайталанады-деген сөзді жиі айтар еді Бейсекең – Бейсембай Кенжебайұлы! Үш жүз жыл боданбыз. Енді қанша?-деп аңырап отырар еді Бейсекең. Ел – ел болса ер туғызбай тұрмайды. Тек ердің тұрарын айт. Ердің ел үшін тұрысарын айт-деп термелейтін Бейсекең! Сөйтетін де осы жерде Жұмабек Тәшеновпен көрші тұрдық… деп бастап қайран ер туралы әңгімесін сабақтар еді. Сондағы айтары…

…Алматыда үй тапшы. Соғыстан кейінгі жылдар. Етегімізді енді жауып, еңсемізді енді көтеріп жатқан сәтіміз. Үкімет мына үйді салды (таяғымен алдымыздағы Калинин көшесіндегі көлбей салынған үйді көрсетті). «Кімге беру керек?», «Бірен-саран қазаққа, қалғанын орысқа беру керек. Өйтпесе халықтар достығына нұқсан келеді…» Жоғары жақтың ұйғарымы осындай болыпты. Сонда атаңа мың да бір рахмет Жұмабек «Қазақ зиялыларынан дүркін-дүркін айырылған халық. Ұлтты ұлт ететін, халықты халық ететін оның зиялы қауымы. Қазақ осы жылдар ішінде зиялыларынан түп-түгел айырылды десе болады. Зиялы буынды қалыптастырмай қалай ел, жұрт боламыз? Мына жаңа бітіп жатқан үйді негізінен қазақтың оқыған, танылып келе жатқан зиялыларына берейік. Жаңа буын зиялыларға бүгін қамқор бола алмасақ, ертең мына қоғамның жағдайын ойлайтын тегеурін танытар зиялы қауым қайдан шығады?»-депті. Сөйтіпті де әдебиет пен өнер, ғылымның таныла бастаған жастарына әлгі үйден пәтер бере бастапты…

Бейсекең үнінен күрсініс кетіп, түнеріңкі реңі ашыла бастағандай болады.

Тарих терісінен қайталанған.

…1953 жылы КСРО алып империясының қан қасап «күн көсемі» И.В.Сталин өлді. Атуға жібере ме деген басым, алты ай үй қамағында отырып, Мәскеуге – Орталық Комитеттің Партиялық бақылау бөліміне хат жазып, ақталдым. Түрлі айла-шарғымен арақпаз Н.С.Хрушев билік басына келді. Келді де Ресей патшасының үш ғасыр жүзеге асыра алмаған, И.В.Сталиннің ерлерін асып, атып күйреткенімен түпкі көздеген мақсатына жете алмаған біржолата отарлау саясатына аз уақытта жетуді ойлады. Ол қазақтың жалпақ жатқан жерін алу. Әлсіресе де әлі өшпеген қазақтың рухын өшіру. Сарыарқаны Тың сылтауымен Ресейге берсе, мақталы өңір – шаруашылыққа тиімді деп Оңтүстік қазақстанды (Бостандықты) Өзбек ССР-не берсе…

Леонид Ильичтің өзі Қазақстанға телефондап: «Жұмабек Ахметовичке әлі күнге бір дұрыс пәтер берілмегені не қылғаны?…»-депті.

Хрушев қанды шеңгелді салды келіп, салды келіп. КПСС Орталық Комитеті Бюросы атынан сөйлейді, үкім етеді. Бірақ, қағаз жүзінде болса да Лениндік КСРО-ға біріккен елдердің еріктілігі жөнінде декрет бар. Қағаз жүзінде ғана істейтін декретті, Қазақ ССР-і басшыларына қол қойдырып, бармақ бастырып алса жетіп жатыр. Халық тобыр, ел бодан. Одан ығудың, онымен санасудың керегі жоқ. Референдумның да керегі жоқ. Қазақ ССР-нің бірінші хатшысы мен Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасына «қол қой»-деп Орталық Комитетте жасалған келісім қағазын ұсынады. Бірінші хатшы қыпылдайды. Осы сәт Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі (ол кезде солай) Жұмабек Тәшенов орнынан атып тұрыпты:

– Сіз не айтып тұрсыз, Никита Сергеевич? Жер – халықтікі. Мен уақытша ғана басшымын. Ата-бабамыз ақ найзаның үшімен, ақ білектің күшімен көзінің қарашығындай, анасының арындай адал қорғап келген жеріне басшы екенмін деп билік жүргізе алмаймын. Халықтың жеріне билік жүргізуге ешкімнің де, ешқайсысымыздың да хақымыз жоқ. Қол қоймаймын. «Қол қой» деп зорласаңыз халықаралық ұйымдарға шағынамын! – депті атып тұрып!

Өзімбілермен «нахал» Хрушев сасқалақтап қалыпты. Хрушев басқарған БЮРО сөйтіп нәтижесіз аяқталыпты. Қатер бұлтқа айналып қазақ даласының үстінде тұрып-тұрып сейіліпті…

Анау Сәбиттер Хрушевпен арақ ішкеніне мәз болып, «қыз ұзатамыз» деп Өзбекстанға жер беріп жатқанда Жұмабектің мынаусы ерлік болды, айналайын! Ей, өзі де қуғын көрді ғой…Қызметінен қуылды. Шымкентке жер аударылды…

«Қазақ осындай ұлды көп тусайшы, шіркін!» Бейсекең кеудесін көтеріліп өркештеніп алды.

Әкедей әзіз Бейсекең әңгімесі менің есімнен кетер болмады. Тәшенов маған бейне ауыз әдебиетінің айтулы аңыз батырларындай болып елестеді. Шіркінді, бір көріп әңгімелесер ме еді?-деген журналистік аңсар биледі мені.

Тәшенов, «Халықтың жеріне билік жүргізуге ешкімнің де, ешқайсысымыздың да хақымыз жоқ. Қол қоймаймын. «Қол қой» деп зорласаңыз халықаралық ұйымдарға шағынамын!»-депті атып тұрып!

Исмайыл Юсупов есімді кісі болды. Ұлты ұйғыр. Алматының бір аумағында тұрдық. Ол тұрған бір үйді кезінде жазушы Қалтай Мұхамеджанов алғаны бар. Иә, сол Исмайыл аға күнде таңертең «Тереңкур» сейіл жолымен өзеншені жағалап «Айнабұлақ» кафесі орналасқан тау бөктеріне дейін сейілдеп жаяу барып оралатын. Денсаулық сақтау шаралары.Ұзақ өмір сүргісі келеді. Бейсекең үйінде тұрған кезімізде мен де «Тереңкурмен» сейілдейтінмін. Республика басқарып, дербес зейнеткерлікке шыққан азаматтардың бірсыпырасымен осы «Тереңкурмен» сейілдей жүріп араласқаным бар. Исмайыл Юсупов біздің Оңтүстік Қазақстанды басқарған, одан кейін Н.С.Хрушевтің жебеуімен Қазақ ССР-нің бірінші басшысы болған кісі. Төлебаев көшесінде, Мұхтар Әуезовтің үйінен төменгі буында (Шевченко көшесімен қиылыста) Сәбит Мұқановқа арнап үй салына бастаған. Үкіметтік жоба болғандықтан бірінші хатшы болып тағайындалған соң И.Юсупов Министрлер Советінің төрағасы Д.А.Қонаевқа «Сенің жазушыларыңа үй салып беремін бе, республика шаруашылығын көтеремін бе?»-деп мәселе қойған. Димекең Сәбеңе мұң шағып, халық жазушысы қатты ашуланып, бірінші хатшыны тықсырғаны ел аузында жүреді. (Кейін әлгі үй балабақшаға айналды.) Қысқасы ерігіп сейілдеп қайтарда жасы құралыптас бозбастар осындай сұраулар береді. Исмайыл акаға қойылар сауалдың кейбірі Жұмабек Тәшеновке байланысты қойылады. Жұмекеңді ұнатар-ұнатпасын кім білсін,бірақ тұлғаны мойындап: «Ой, ондай ер қазақта бұрын-соңды болмаған ғой… Жұмекең хас батыр еді ғой…Батырлығы білімнен. Білімді еді ғой Жұмекең… Жұмекеңнің қадіріне бәріміз де жеткен жоқпыз… »-дегені мына құлағыммен естігенім бар.

Міне, осындай хас батыр дерлік адаммен Сәбит Мұқановтың шаңырағында Мәриям апайдың арқасында жолығып, әңгімелестім.

Мәриям апай менің қызығушылығымды аңғара ма, Сәбең жарықтықтың көзін көрген талай адамды сарсылып іздеп баратынымды, ғайыптан-тайып музейге келе қалса естелігін жаздырып алатынымды хош көре ме, әйтеуір үйіне көнекөздер келсе, мені шақырып отырады. Бұл жолы да солай болды. Шұғыл шақырды. Жедел жетіп бардым…

(Жалғасы бар…)

Құлбек ЕРГӨБЕК, профессор

«Онтүстік Рабат», №10, 11.03.2015