Жалақысыз қалған тоқыма фабрикасы қызметкерлерінің мәселесін Еңбек инспекциясы бақылауына алынды

0

Еңбек инспекциясы жалақысыз қалған тоқыма фабрикасы қызметкерлеріне қатысты мәлімдеме жасады. Сөзінше әзірге 1 айдың ақшасы төленген. Ал қалған қаражатты мамандар өз уақытысында өндіруге атсалысатынын жеткізді.

Арнамыздан шымкенттік тоқыма фабрикасы 2 айдан бері жұмысшыларына жалақы бермегені туралы материал шыққан болатын. Соған байланысты еңбек инспекциясы өз мәлімдемесін жасады. Басқарма басшысының мәліметінше қазір зауыт иесі қызметкерлерге 39 млн. теңге қаражат бөліп, наурыздың айлығын аударған.

«Компания мәліметі келіп түсті. Ол жерде 326 адам нақты жұмыс істейді екен. 326 адамға 39 млн. 600 мың теңге жалақы төленді. Бұл наурыз айына. Ал сәуір айының ақшасы келесі айдың 10-на дейін төленуі керек. Ол мүмкін сәуірдің соңы болуы мүмкін. Немесе 20 күндігі болуы мүмкін. Бірақ келесі айдың 10-нан кешіктірмеуі керек. Ал ол ақшаны ертерек төлетуге әрекет жасаймыз», – дейді Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.

Алайда кәсіпорынға инспекция тарапынан тексеру жүргізілмеген. Себебі қызметкерлер құзырлы органға арызданбаған. Дей тұрғанмен жауапты мамандар олардың еңбегі елеусіз қалмайтынын айтты. Егер азаматтар тарапынан құқығы бұзылғаны туралы шағым түсетін болса, заңдылығына баға беретінін жеткізді. Ал кәсіпорында бұған дейін де осындай жағдай орын алған көрінеді.

«Бұл компания жергілікті атқарушы органдарда 2020 жылдан бастап тұрақты бақылауда. Себебі алдыңғы жылдары осы компанияда болған көктем кезінде шикізат мәселесіне байланысты 1-2 рет тоқтаған жағдай болған. 2021-2022 жылдары. Сондықтан бақылауда. Жылына бірнеше рет кездесіп тұрамыз ұжымдармен. Компанияның өзіне 2 рет тексеру жұмыстарын жүргізгенбіз. Оның бірінде арыз бойынша, екіншісі профилактикалық негізде жүргізгенбіз», – дейді Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.

Айта кетейік, зауыт 2021 жылы жұмысшыларының жалақысын кешіктірген. Ол кездегі берешек сома көлемі 25 млн. теңгені құраған. Сонымен қатар, еңбек инспекциясы жыл басынан бері 10 мекемеге тексеріс жүргізіп, 419 қызметкердің 100 млн-ға жуық ақшасы өндірілді.