«Үмітімді үзбей күттім»

Орынкүл Сарымсақова
Орынкүл Сарымсақова
Орынкүл Сарымсақова

Орынкүл Сарымсақова сұрапылды көзімен көріп, сұмдығын сезінген жандардың бірі.  Балалық шағы  ашаршылықпен тұспа-тұс келіп, жастық шағын соғыс шарпыған кейуананың зұлмат жылдар жайындағы естелектерін тыңдау үшін арнайы іздеп бардық.

Орынкүл апа Шымкенттегі  Забадам елдімекенінде тұрады екен. Үйін іздеп жүріп, әрең таптық.

– Апа, сіздің  ҰОС ардагерінің жұбайы, тыл ардагері, көп балалы ана екеніңізді есітіп, арнайы іздеп келдік. Өзіңіздің салиқалы әңгімеңізді тындап, ақ батаңызды алсақ деген ниетіміз бар,-деп есіктен бас сұққанымыз сол еді, ауладағы  жаймашуақта отырған кейуана көзіне жас алып қалды.

– Төрлет қарағым, төрлет, – деп жүрген Орынкүл апа қонақжайлық танытып бізді төріне шығарды. Амандық-саулық сұрасып болған соң, әжемізден сонау бір жастық шағының қалай өткенін жайлы сыр тартқанымызда әңгіме тиегiн ағыта жөнелдi.

– Сұрапыл соғыс қаншама адамдардың тағдырын азаппен қасіретке толтырды, десейші.  Бір түйір бидай, бір жапырақ қара нан табылса, сол сыйлық алған балаша  қуанушы едік. Таң атысынан күн батысына дейін қара жұмыспен жастық шағымыз өтіп жатты,- деп бастады әңгімесін Орынкүл апа.

Балалық шағы 1927-1932 жылдардағы ашаршылықпен,  жастық шағы 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген Орынкүл Сарымсақова – 1925 жылы 1 қаңтарда ОҚО, Түлкібас ауданы, Амангелді колхозына қарасты  Қарабастау ауылында туған. 3 жасында ата-анасы қайтыс болып жетім қалған  кейіпкерімізді үлкен әпкесі Әшен  асырады.

– Ата-анам қайтыс болғанда 4 бала жетім қалдық. Әшен әпкеміз әке орнына әке, ана орнына ана бола білді. Сол кісінің айтқанын екі етпей орындап,  алдынан қия өтпей өстік.

Осылайша 16 жасар Орынкүл әпкесі Әшеннің дегенімен 1941 жылдың наурыз айында Бесжігіт есімді көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады. Алайда, бақыты көпке ұзаған жоқ. Араға 3 ай салып, күтпеген жерден сұрапыл соғыс басталып, Бесжігіт майданға кетеді.

Елге жау тиген кезде, халықтың арқаны кеңге салар жайы жоқ еді. Отанды фашистерден қорғап қалу үшін  ер азаматтар майдан даласына аттанып жатты. Ал елде қалғандар Жеңісті жақындатуға барынша үлес қосты. Орынкүл де аянып қалған жоқ. Колхозда мал бағып, жер жыртып, мақта терді. Аттаған босағасының берекесіне береке қосып, ата-енесіне қолғабыс бола білді.  Жасы кішілерге жеңеше, ауылға сыйлы келін атанды.

– Ата-енеме мың алғыс. Мені келін ретінде емес, қыздарындай көрді. Күні бойы колхозда жұмыс істеп, кешқұрым шаршап келгенімде: «Шай-тағамыңды ішіп, тынығып ал» дейтін. Ал, соғыс аяқталып жолдасымнан хабар-ошар болмаған сәтте  маған демеу бола білді.

018-010Орынкүл апаның айтуынша, 1941 жылы майданға кеткен жолдасы тек 1948 жылдың желтоқсан айында елге оралған. Өзінің осыншама жылдан бері хабар-ошарсыз кеткенін   Бесжігіт немістердің тұтқынында болғанымен түсіндірген.

– Тұтқында болып келген азаматты кім құшақ жая қарсы алады дейсіз? Басында бізге өте қиын болды. Барлығы саусақ шұқып көрсетіп,  бетімізге салық қылатын. Үйімізді айналып өтуге тырысатын.  Жолдасымды еш жерге жұмысқа алмайтын. Бертін келе, колхоздың басшылығы ауысып, Бесжігіт жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Содан біліктілігі мен білімінің арқасында ферма басшылығына дейін көтеріледі. Некерек, сөйтіп сол қызметте 25 жыл істеді. Сол жерден зейнетке шықты, – деп күрсінді кейуана.

Осылайша кейуана бізбен әңгімелесіп отырып, жастық шағын еске алып, көз жасын бір сығып алды. Байқағанымыз соғыстың қасіретін жадына сақтап, жүрегіне жасырған ананың жүзін әжім торласа да, әлі тың, қимылы ширақ,  жады мықты, әр сөзі мық шегедей. Көкшіл жанарының асты суланған әжейдің білімі жоғары болмаса да, өмірден көргені көп. Әжеймен сөйлесіп отырып қабырғадағы суретке көзім түсті. Сұрағанымда: «Бұл Бесжігіт екеуміздің ең алғашқы суретіміз ғой. Бесжігітті майданға шығарып салуға келгенде түскенбіз» деп,  жымиды Орынкүл апа.  Қарсы алдымда әңгіме айтып отырған  оның жанарынан қабырғада ілініп тұрған жас кезіндегі жігер отының әлі басыла қоймағанын аңғардым.
Ендеше, Орынкүл апамыз сияқты көпке сыйлы, сөзі өтімді, көпті көрген  әжелеріміздің ғибратты өмірнамасы өскелең ұрпаққа үлгі бола берсін дегіміз келеді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015