Қаратау мен Қазығұрт баурайларынан барған біздер Карпат тауларына бауыр басып-ақ қалғандаймыз
Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған
Бұл – Түлкібастағы Пістелі ауылы. Бұрын Таупістелі болған

Енді Сайрам шыңына көтерілу үшін араб шейхтарынан рұқсат сұраймыз. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік қорығының меншігіне жататын Сайрам су шатқалын арабтың бай-қуаттылары 49 жылға жалға алыпты. Өз тауымызға өзімізді шығармайды енді… тау баласы тауға қарап өседі деуші еді. Енді қайттік…

Сатылмаған не қалды дерсіз?!

Байқайсыз ба, Сіз бен Біз қоғамдағы келеңсіздікке таңқалудан қалып барамыз?! Бізді ешнәрсе селк еткізбейтіндей. Барлығы да үйреншікті. Солай болуға тиісті сияқты. Шіліңгір шілдеде шұғыл шаруаң болмаса, демалыс күндері Шымкентте шыли бөгелмеген дұрыс.

Бірақ, қайда барамыз?Қала сыртындағы демалыс аймақтары әлдеқашан жекеменшікке сатылып кеткен. Бағасы у-дай. «Машат» шатқалындағы жекеменшік демалыс орындарында демалу үшін бір отбасы тәулігіне 20-30 мың теңге төлеуі керек. Қасқасудағы демалыс орындарындағы жағдай да осындай…

Бұл-кез-келген отбасының қалтасы көтере бермейтін жағдай. Қалтасы қалыңдар қызмет көрсету ісі сын көтермейтін отандық демалыс орындарынан гөрі шетел асып, мұхит жағалауында, теңіз төңірегінде қыдырғанды қалайды.

Сонда қаймана қазақ қайда барады?

Өзен жағалап, қыр аралап, лас су тоғандарында суға түсіп жүреді. Қоқыстан көз ашпайтын Қошқаратаға барады. Санитар мамандардың дабылына құлақ аспаған көп қазақ көлік жуатын көлшіктер мен суы лай өзендерге шомылып жүр. Қала орталығындағы су бұрқақтарына барады сая іздеп. Оның өзі көп емес. Анау, «Фосфоршылар» мәдениет үйі алдындағы жауқазын пішінді су бұрқақтарын айта-айта жақ талды. Бірақ, қала әкімдігі әлі де болса сол бұрқақтан су ағыза алмай әлек.

Себебі-жекенікі. Қаласа-су ағызады, қаламаса -ағызбайды. Бірді айтып, бірге кеткеніміз емес, қала тұрғындары демалыста қайда барарын білмейді. Ал, биліктегілер «демалу мәдениетін үйреніңдер» дейді. Мысалға алматылықтарды келтіреді. «Сенбі, жексенбіде тай-тұяғы қалмай қала сыртына демалуға кетеді… тауға шығады…» дейді.

Біздің де шыққымыз келеді.

Табиғатқа тамсанып тұрып, асқақ армандарға құлаш ұрса дейміз өскелең ұрпақ. Алайда…Сұлу Сайрамсуда арабтар жүр, «меншігіміз» деп… Аң-құс аулап, Отырарда да арабтар жүр «биік қорғаннан өткізбейміз, кімсің?!» деп… Тауға шығармайды «арабтардың тауы» деп, аң атқызбайды «арабтар атады» деп. Қалай-қалай боп кетті, бұл қоғам?!

Арманымыз аласармасын деп алған беттен қайтпадық. Тауға өрмеледік. Сайрам су шатқалындағы Сайрам шыңына шығып, етектегі елге елжірей қарағымыз келді. Өрмелеп келеміз…

Жолсерік болған азамат айтады: «Осы жерді 49 жылға жалға алып отырған араб былтыр әншейін бір сағатқа келіп, көріп кетті бұл аймақты. Соның бір сағаты үшін алдын-ала таудың етегіне дейін асфальт жол салынды, жол белгілері қойылды… жергілікті тұрғындар аяқ астынан әбігерге түсті де қалды» дейді.

Шың басына өрмелеген сайын жолсерік айтқан әңгіме әдемі әсерден арылтып, ашу-арыстан ақырғысы келеді. Іш алдырмадық. Шықтық, көрдік. Етектегі ел ештенеден хабары жоқтай емін-еркін, бейғам. Айналайын, қазағым-ай! Сендей сабырлы, сендей шыдамды ұлт жоқ шығар?!

Жол серігіміз әлі айтып келе жатыр: «өздеріне керемет жағдай жасап алған. меншіктеп алған аумақта сауналары бар керемт. Ал, қарапайым халық демалатын жер анау, етектегі тастай су…» Болмады ғой. Тастай деген тау суына шомылдық, сүйегіміз сырқырады.

Мөлдір су бойымыздағы бар дертті сылып алғандай. Ра-а-а-а-ха-а-а-ат! Рахат-ай?! Өкпе тарқап, ашу адасып кетті бізден. Етекке тустік.

Мал бағып жүр екі қара домалақ бала. Жүзін күн қақтаған. Күйбеңдеген тіршілік тізбегінде кетіп барады қаймана қазақ. Адасып кеткен ашу тауып алды осы кезде бізді. Намысты оятып әлек.

Ал біз сатамыз.

Тауды да, суды да… барлығын сатып жатырмыз. Сатылмаған не қалды?