Қызылжар ауылы, Қарасу участогының тұрғындары ағын судың шапағатын емес, залалын тартып отыр. 24 отбасылы ауылдың жанынан ағып өтетін «Қарасу» каналындағы су биылдан бастап сасып, тұрғындардың мазасын кетіруде. Қаншама жылдан бері қажетке жарап келген ағын судың бүгінде ауыл адамдары пайдаланбақ түгілі сасық исіне шыдау мүмкін емес дейді. Өйткені осыдан 2-3 жыл бұрын балалар шомылып, адамдар малдарын суарса, бүгінде каналдың іші қоқысқа толып кеткен. Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар әсіресі дүйсенбі күндері сағат 10 10.30-дар шамасында судың сасық исі ауаны жайлап алатынын айтады.
Ауыл тұрғындары Коммунизм ауылындағы зират жақтан бастау алатын канал ауыл ішінен өтіп, «Бекжан» базарының жанынан ағады дейді. Сондықтан оған жол-жөнекей адамдар қоқыстар тастап, сарқын су төккендерін көргендер де бар. Ал бағбандар канал суын көкөніске пайдаланудан қорқады.
Ал Абай аудандық санитарлық қадағалау департаментінің мамандары бұл жайдан хабарсыз болып шықты. Олар енді арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын жүргізбек.