ОҚО телекоммуникациялар дирекциясы 2011 жылы ID брендіндегі жаңа қызметтерді ендіру бойынша кешенді іс шаралар атқарды. Бұл туралы мекеме басшылығының өткен жылды қорытындылау есебінде айтылды. Жаңа қызмет түрлері жайлы сала мамандары қосымша БАҚ арналған баспасөз мәслихатында әңгімеледі.
Былтыр өңірімізде 12 мыңға жуық абонентке телефон орнатылды, нәтижесінде облыстық телекоммуникациялар дирекциясы қазір 309 722 тіркелген желіге қызмет көрсетуде. ID Phone сауда белгісіндегі жаңа қызмет-телефония қызметінің кең ауқымда қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға, ғаламторға шығуға, қалааралық және халықаралық байланысты бір оператордан бір жерде алуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда ID Phone қызметін пайдаланушылар саны 2 мыңнан асқан.
Әр үй, пәтерге дейінгі оптикалық талшық технологиясы бойынша ID NET қызметі ұсынылуда. FTTH технологиясы — ақпарат ағынын жөнелтудің ең жаңа және сапалы әдісі.
Ең озық технологиялардың бірі — ID NET қызметін пайдаланатындар ішкі ресурстарға секундына 30 Мбит дейінгі жылдамдықпен, сыртқы ресурстарға секундына 8 Мбит жылдамдықпен кіре алады. Шымкентте ағымдағы жылдың басынан аталған қызмет түрін 310 абонент пайдаланады.
Юля КРЕТОВА, абонент: «Бұрын мен Мегалайн қызметін пайдаланатынмын, енді ID NET қызметіне көшкен сәтте оның ұтымды тұстарын байқадым. Файлдар жедел түрде көшіріледі, ал әнді көшіру бір сәтте. Өте тиімді және ыңғайлы».
Ауылдық жерлерде сымсыз кең жолақты қатынау қызметін ұсыну СДМА-450 стандарты базасындағы сымсыз желіні дамыту жобасының екінші кезеңі болып табылады. Ол корпоративті көшбасшы мемлекеттік бағдарламасы бойынша серпінді жобалар қатарына енді.