Осыдан бір ай бұрын ОҚО Сайрам ауданына қарасты Құтарыс ауылдық округінің Ақарыс ауылында жантүршігерлік оқиға орын алған еді. Бәз біреулер 80 жастағы қария мен оның кемпірін айуандықпен өлтіріп кеткен болатын. Арада ай өтседе із жасырған қандықол қарақшылар әлі күнге дейін табылмай отыр.
Оқиға былай өрбіген екен. Қаңтардың 5-і. Ақсақал Құрсант пен кемпірі Гүлбахираның қанға оранған жансыз денелері өз үйлерінен табылады. Азапталып өлтірілгендері бірден байқалады. Мәйіттерді алғаш ауылдың мал дәрігері көрген екен. Таңертең үй жануарларын егуге келгенде оның төбе шашы тік тұрған. Зәре құты қашқан ветеринар дереу полицияға хабарласып, қанды қайғыны ағайындарына естірткен.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қанды оқиғадан шамамен екі ай бұрын, белгісіз біреулер шал мен кемпірді тонап кеткен. Ит көзі тұтын танымас қараңғыда бөтен мал іздегендер үйге баса көктеп кіріп, бір жарым миллион ақша талап етіпті. Оңай олжалы боламыз дегендер істі насырға шаптырып, қарттарды соққының астына алған. Сөйтіп ақсақалдың кемпірі екеуінің зейнетақыдан жинаған 650 мың теңгесін жымқырып, із жасырған.
Қаскөйлердің қастығынан тірлігі қылға байланған қос қария үрейлі түннің ертесіне -ақ жергілікті учаскелік полицияға арызданған. Бірақ «тіс жарсаңдар өлтіреміз» деген ұрылардың сөзінен қарттар қатты үрейленеді. Сөйтіп істілерді іздестіруге тоқтау салыпты-мыс.
Қазір Құрсант Бекболатов ақсақал мен оның жұбайы Гүлбахира Түймебекқызының өліміне қатысты оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірге нәтиже шамалы. Полицейлер елді елең еткізген оқиға елеусіз қалмайды деп отыр.
Сенім жоқ жерде сезік жүреді. Аядай ауылды қазір үрей билеген. Қасақана айуандықпен адам өлтіріп, елде бұлаңшылық туғызғандар ғайыптан табылып, айыпқа бұйырлғанша сезік сейілмейді дейді жергілікті тұрғындары.