«Үміткер» кубогы мен 400 мың теңге сыйақы Өскемендіктердің қоржынында кетті

180
№7 футбол мектебінің командасы

10 күнге жалғасқан турнирдің соңғы күнінде жеткіншектер  «Үміткер» турнирінің 5, 6-орны үшін таласқа түсті. Премьер лига командаларының қосалқы құрамалары арасындағы турнирде ордабасылықтар 5-орынды ғана қанағат ете алды. «Өйткені, қарсыластар мықты болды»,- дейді құрама бапкері Шайзидин Кенжебаев.

Шайзидин Кенжебаев, «Ордабасы» ФК қосалқы командасының бас бапкері: «Шымкенттегі бұл турнир біздің футболшылар үшін өте қажет. Біз оқу жаттығу жиынынан кейін осында келіп, жаңартылған құрамның дайындығын байқап көрдік. Оның үстіне биыл команданың 70,80 пайызы жас футболшылар. Осы турнирдің арқасында іріктеу жасап, қай футболшылар қажет екенін анықтап алдық».

Премьер лига командаларының қосалқы құрамалары арасындағы «Үміткер» турнирі осымен екінші жыл қатарынан өтуде. Биыл 12 команданың ойыншылары ептілігін байқатуға тырысуда. Оныңтөртеуі шымкенттік команда. №7 футбол мектебінің шәкірттері, жетісайдың жастары, «БИІК» футбол орталығының құрамасы және ордабасылықтар.

 Евгений Шкарин, Шымкенттің қалалық федерациясының сенімді өкілі: «Бұл жарыс жас футболшылар үшін және олардың бапкерлері үшін өте қажет. Өйткені ел чемпионатының басталуына аз ғана уақыт қалды. Жарыс алдын сынап қалуға жақсы мүмкіндік. Әрине ауа райы қолайсыз болып тұр. Десек те еліміз бойынша ең жылы аймақ қазіргі таңда осы оңтүстік екені даусыз. Сол себепті жаттығу үшін де жақсы мүмкіндік».

Екінші орны үшін таласта №7 футбол мектебінің шәкірттері өскемендік командаға есесін жіберіп алды. Алайда, бұл жарыста 17 жастағы жеткіншектердің алдына нақты жоспар қойылмаған. Биылғы маусымда бірінші лигада ептілігін сынға салатын жерлестеріміз өз дайындығын байқауды ғана көздеген.

 Нұрлан Орынбаев, қалалық №7 футбол мектебінің директоры: «Біздің мектептің футболшылары әлі жастау. Сол себепті өзінен ересектермен ойнап, үшінші орыннан көрінуінің өзі үлкен жетістік. Жақсы ойын өрнегін көрсете білді, енді Өзбекстанға оқу-жаттығу жиынына барып қайтса, бірінші лигада ептілік танытуға дайын болады деп ойлаймын».

Республикалық турнирдің нәтижесінде екінші орынды қызылордалық «Қайсардың» жастары еншілесе, басты кубокті және 400 мың теңгелік қаржылай сыйлықты Өскемендіктер жеңіп алды.

Ал шымкенттіктер үшінші орынды қанағат тұтты.  Сонымен қоса, Шайзидин Кенжебаевтың бапкерлігімен жаттығып жүрген жерлестеріміз 200 мың теңге алды. Сондай ақ, жүлделі болған өзге үш команда да сыйақы алып, футболшылар өзара бөлісті. Төртінші орыннан жетісайлық құрама көрініп, 100 мың теңгеге ие болды.