Өмірзақ Әмет: «Қызметтен кетсем де елден кеткен жоқпын»

1471

Өмірзақ Әмет қайда жүр? «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласы мен Ордабасы, Сайрам аудандарының құрметті азаматы, осы өңірлерді басқарған, Шымкент қаласының әкімі болған Өмірзақ Әмет бұл күні қайда жүр?

— Өмірзақ Әметұлы, Сіз қазір қайда жүрсіз? Бұл журналистік қызығушылығымыз ғана емес, газетіміздің оқырмандары арасында Сіздің қазіргі тыныс-тіршілігіңізді білгісі келетіндер көп.

— Мен туған өлкемнен кеткен жоқпын. Шымкентте тұрамын. Елде ауылшаруашылығының дамуына өздігімше үлес қосып жатқан жайым бар. «Тату Агро» ЖШС-нің құрылтайшысымын. Серіктестіктің бас директоры ұлым — Мұрат. Бұл салада жинаған тәжірибемді соған үйретіп, қолдау көрсетіп жүрген жайым бар. Негізінен серіктестік көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Былтыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысы аймағында үлкен зауытты іске қостық. Қазір осы зауытта 300 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бұл дегеніңіз 300 отбасының нәпақасын табуға көмек қолын созу деген сөз. Мен әкімдік қызметте жүрген кезімнің өзінде-ақ ауылшаруашылығы саласына деген қызығушылығым жоғары болатын. Кандидаттық диссертацияда қорғағанмын. Өңірімізде алғашқы боп тамшылатып суару әдісін енгізген мен едім. 2005 жылы ауылшаруашылығы мәселелері талқыланған республикалық жиында Елбасының алдында осы тамшылатып суарудың тиімділігі жайында баяндама жасағанмын.

Тамшылатып суғарудың тиімділігін дәлелдеу ісін ең алдымен Сайрам ауданында тастақ, құнарсыз жерге қызанақ отырғызудан бастадық.Тиімділігі сол, гектарына 100 тоннадан өнім алдық. Қашан да жаңалықты, жаңа әдістерді жаным қалайтындықтан, тәжірбие жасап көргенім рас. Нәтижесіне өзім де таң қалғанымды жасыра алмаймын. Сол жылдардағы ҚР ауылшаруашылығы министрі А.Есімов пен облыс әкімі Б.Жылқышиев қатысқан Сайрам ауданында республикалық семинар өткізіліп, сонда тастақты жерден алынған өнімнің молдығына жиналғандар тәнті болғаны бар. Үнемі үздіксіз ізденіс пен тынымсыз тірліктің арқасында түтінімді түтеткенді дұрыс көрем. Сондықтан да қанша қызметте болсам да, мүмкіндігім бола тұра еңбек демалысымда шетел асып, демалып жатқан емеспін. Қай елге атбасын бұрсам да, сол елдің озық технологияларын меңгеруге ұмтыламын. Сөйтіп, Израйль мен Түркия сынды мемлекеттердің ауылшаруашылығындағы аз шығын жұмсап, мол өнім алудың тәжірибесіне қанығып қайтқам. Бүгінде бұл дағдым өз жемісін беріп жатыр. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Италия елінің «Росси Кателли» зауытын орнаттық. Тағы да 2 цех ашпақ ойымыз бар.

Осы зауытты Оңтүстік Қазақстан облысынан емес, Қызылорда облысынан ашуыңызға не себеп? Кәсіпорынның «Тату Агро» деп аталуында не мағына бар?

— Мен әуелі зауыт салатын жерді осы Оңтүстіктен іздедім. Жер сұрап Отырар ауданының әкіміне бардым. Ауылым ғой деп барғаныммен, отырарлықтар маған зауыт салуға жер тауып бере алмады. Қысқасын айтқанда, оның несін жасырайын, Оңтүстіктен маған белгілі себептерге байланысты зауыт салу үшін жер табылмай қойды. Сосын менің жер іздеп жүргендігімнен хабардар болған Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кеңес ауылындағы ағайындар жиналып, өздерінің иеліктеріндегі жер телімін маған сеніп тапсыруды ұйғарыпты. Сөйтіп жекеменшіктегі 39 мың га. жерді тұтастай сеніп тапсырған елдің үмітін ақтау үшін жұмысты бастап кеттік. Тамшылатып суару әдісімен 240 га. жерге қызанақ пен қияр, 120 гектарға алма, 120 гектар жерге жүзім егіп тастадық. Ауылшаруашылығы саласында тамшылатып суару әдісін енгізу мәселесін 90 жылдардың өзінде көтерген Елбасының бұл салаға аса мән беріп отырғаны белгілі. Әсіресе, кластерлік жүйеге. Мемлекет басшысының көрсеткен бағыт-бағдары нағыз нарық заманының талабы. Біздің кәсіпорын елдегі алғашқылардың бірі болып осы кластерлік жүйені жүзеге асырып отыр. Әрине, әзірге 80-90%-ға ғана. Олай дейтініміз, біз қызанақ пен қиярды егіп, өсіріп, оны өңдеп дайын тауар ретінде халыққа ұсынамыз. Келешекте көкөніс пен жеміс-жидектің барлық түрінен осындай кластерлік жүйемен дайын өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Соңғы 3-4 жылдың ішінде қызанақ егіп, өндіріп, өңдеп, дайын сықпа шығара бастадық. Өзге елден импортталған сықпалардан ерекшелігі де сол, біздікі табиғи өнімнен өндірілген. Құрамында ешқандай химиялық қоспасы жоқ, әлем нарығындағы барлық талаптарға жауап бере алады. Біздің зауыттан шығарылып жатқан томат шырындары да, сондай экологиялық таза, табиғи өнімнен алынған. Ауылшаруашылығы негізінен бірден емес, 4-5 жылда өнім беретін сала. Келешекте тағы басқа көкөніс, жемістен осылай өнім аламыз депжоспарлап отырмыз. Осының бәрі, татулықтың арқасында тірлігіміз түрленіп, ынтымақтың арқасында ырысымыз артып отыр. Сондықтан да ЖШС-нің атын «Тату Агро» деп атағанбыз. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, істің көзін біледі-ау деп, сенім артып тапсырған ағайындардың татулығы бұл. Оның үстіне, әлемдік нарыққа шыққан кезде кез келген тілде айтылуы да, жазылуы да оңай. (күліп)

— Шетел демекші, өнімдеріңізге өзге елден қызығушылық танытқандар болды ма? Қай елдермен іскерлік байланыс, қарым-қатынас жасап отырсыздар?

— «Тату Агро»- ның өнімдері қазір Қазақстан мен Ресей нарығына таратылады. Еуропа нарығына да шықпақ ойымыз бар. Біздің өнім экологиялық таза, табиғилығымен қоса, сақталу шарттары да күрделі емес. Сонысымен де шетел мамандарының назарына ілігіп отырмыз. Қытайдан да қызығушылық танытқандар бар. Ақпан айында зауытқа келіп, келісім жасалмақ. Қытайлықтармен бірлесіп, зауыттан 110 өнім түрін алуды жоспарлап отырмыз. Биыл бұйыртса, 50%-н орындасақ па дейміз.

Қолға алған тірлікті бірден дөңгелетіп кету оңай емесін түсінеміз. Кәсібіңізге кедергі болған қиындықтар кездескен болар? Жалпы ауылшаруашылығы саласын дамытуда атқарылып жатқан іс-шараларға көңіліңіз тола ма?

Әрине, қиындықсыз іс біте ме?! Әсіресе, банктен несие аларда қиындықтар болды. Жер емген диқанның шаруасы шаш-етектен. Ал мына несие алу- қиямет қиын шаруа екен. Қағазбастылықтан бас ала алмай қаласың. Әйтеуір, құжаттардың бәрі дайын болып, енді міне қаражат беріледі дегенде, белгілі себептерге байланысты несиеден де қағылдым. Осындай кедергілердің кездескені рас. Бірақ, алдымызға нақты мақсат қойғандықтан, шешінген судан тайынбастың керімен ойға алған ісімізді жүзеге асырудамыз.

Ал, ауылшаруашылығының дамуына Елбасының аса мән беріп, ілкімді жобаларды қолға алып жатқаны белгілі. Ол жемісін беріп те жатыр. Тек мені мына жергілікті биліктегі мамандардың көпшілігінің ауылшаруашылығыныңиісі мұрындарына да бармайтыны қынжылтады. Жұмысты жүйелей алмайды. Бір жылы мақта егу «мода» боп кетсе, кейіннен субсидиясы көп екен деп жұрт жаппай қызылша егіп жатты. Ал дайын өнімді қайда өткізеді, қандай бағада сата алады деген сауалдардың басы ашық күйінде қалып қояды. Екі ортада диқан ала жаздайғы еңбегінің өтеуін ала алмай әбіржиді. Егіс басында белі еңкейген шаруа дайын өнімін өткізе алмай, шығынға ұшыраған жағдайлар көп. Сондықтан да кластерлік жүйені дамыту керекпіз. Ауылдың қарыны тоймай ― ел байымайды. Қазақтың ырысы-ауыл. Адамдардың күнкөрісі қараң деп айтуға болады. Жергілікті басшылық тарапынан қолдау керек. Кәсібін дөңгелеткен жекеменшік иелерінің көбісі қарақан басы үшін қармануда деп ойлау қате ұғым. Мен мысалы, өз отбасымды асырап баға аламын. Бірақ сол ауылды жерде шаруаңды түзеп, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамти алсаң, ауыл үшін бұл да үлкен көмек.

Шымкент қаласы әкімі қызметінен кеткенде қандай ойда болдыңыз? Сол кездегі сіздің әріптестеріңіздің бірқатары қазір де билік басында жүр. Аралас-құраластығыңыз жалғасуда ма? Қызметтен кетуіңіз арадағы сыйластыққа сызат түсірген жоқ па?

— Шынын айтқанда, қызметтен дәл сол кезде кетеді екенмін деген ой болған жоқ, әрине. Ойламаған жерден болғаны рас. Бірақ анам мені «креслода» туған жоқ қой. Туғаннан еңбек пен өз күш-жігерімізді жанымызға жалау етіп өскен әулеттің баласымыз. Қоғамның қай саласында болсын, тірлігіңді дөңгелетіп, еліңнің дамуына өз үлесіңді қоса аласың. Ал қызметтен кеткеннен соң да, кезінде әріптес болған, сыйлас болған жолдастармен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Кейбірінің мансабы жоғарыласа да сыйлап, хабарласып тұрады. Бұл да үлкен адамгершіліктің, көрегенділіктің, түсінісушіліктің белгісі. Ондай азаматтарға рахмет. Дегенмен, жасыратын несі бар, қасымда жүріп, мені паналап, жағалап, «ағалап» жүргендердің бірталайы теріс айналды. Әрине, кімнің кім екенін осындайда білесің… Адамдық қасиеттерден ада болмай, азаматтық келбетіңе көлеңке түсірмейтін азаматтарға рахмет айтамын. Ал, аласы ішінде болғандардың өз түйсігі білсін.

Бұрынғы қала әкімі ретінде қазіргі Шымкент қаласы әкімінің жұмысына қандай баға берген болар едіңіз? Өзіңіз де сол қызметте отырдыңыз, қазір енді сырт көзбен қарағанда барлығы да көрініп тұратын шығар...

Мен жаста болса бас бола білген Арман Жетпісбаевтың аяқ алысына өте ризамын. Кезінде қаланы дамытуда көптеген жобаларым бар еді. Көшелерді кеңейту, аспалы жол салу, жаңа қала салу, көл маңын, атшабарманын жаңартып, қоқыс өңдеу зауытын салу… Бірақ осы жобаларды іске асыруға маған мүлдем мүмкіндік берілген жоқ. Кейбір жобаларға шетелден инвесторлар тартқанда болатынмын. «Асар» шағынауданын салу да менің жобам екенін айтып өткім келеді. Дәл қазір осы жобалардың кейбіреуі жүзеге асып жатыр. Қаланың қазіргі басшысы Шымқаланың шырайын арттыруда аянбай жұмыс атқарып жатқандығы байқалады. Жаңашылдығы мен ізденімпаздығы сезіледі. Тек аяқтан тартатындар болмаса екен…

Бұл сұхбатты оқып отырған оқырман сіздің отбасыңыз жайында да білгісі келері хақ. Биліктен кеткен соң, олардың да қадамына тұсау болған сәттер кездескен шығар…

— Біз аяулы жарым Ұлтуар екеуіміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Қазір бәрі де отбасылы. Кездескен кедергілерін олар бізге айта бермейді. Өздеріне қатысты мәселені өздері шешуге дағдыланған. Сондықтан ол жағынан мен бейхабармын. Бірақ, балаларымның қарап отырған ешқайсысы жоқ. Бәрі өз арбасын өздері сүйретіп жүр. Өз алдына, өз тіршіліктері бар. Соған қуанамын. Еңбекпен табысқа жетуге болатынын түсінеді. Аллаға шүкір, немерелерім өсіп келеді. Барлық қызығым мен қуанышым — немерелерім.

— Сөз соңында «Оңтүстік Рабат» газетінің оқырмандарына не айтасыз?

— Ел болғасын, әртүрлі әңгіме естіп жатамыз. Көпшіліктің жылы лебізін естігенде көңіл шіркін марқайып қалады. Ұлу жылы табысты, жемісті жыл болсын ел үшін. Бақыт дегеніміз — өз Отаныңның кәдесіне жарағаныңды сезіну, елмен бірге білек қосып, еліңнің болашағын жасап жатқаныңды сезіну. Елімнің өркендеуіне, көркеюіне қоғамның кезкелген саласында жүрсем де, бар қажыр-қайратымды, қабілетімді сарп етуге дайынмын.

— Әңгімеңізге рахмет. Сізге де табыс тілейміз!