Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Бақытжан Әшірбеков кезекті есебін «Күншығыс», «Теріскей» шағынаудандарында жалғастырды. №25 мектепте өткізілген шараға «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері мен ауданға қарасты халық қалаулылары және тұрғындар қатысты. Бұл күні №25 мектепке оқушылармен бірге барған ата-аналардың да қатары көп болды. Мәселен, «Теріскей» шағынауданындағы көп қабатты үйдің төрайымы Ұлбала Саипова қорытынды жиында өзі төрайымдық ететін тұрғынүйлердегі шатырлардың ескіріп, жаңбыр жауды дегенше әбігерлене қалатынын басшылыққа жеткізуге келдім дейді. Еңбекші ауданын осыған дейін басқарған әкімдер жасамаған мәселеге осы жолы Бақытжан Әшірбеков нүкте қойса деген сенімде.
Ұлбала Саипова, «Теріскей» шағынауданындағы №22 үйдің төрайымы: «Үй төрайымы болғаныма 12 жылдан асты. Содан бері біз тұратын тұрғынүйлердегі мәселе шатырлар мен жертөледегі жағдай. Жақында жертөледегі ыбырсыған тірлікті реттеу үшін тұрғындар болып ақша жинап, біршама дұрыстағандай болдық. Бірақ ол үшін біреу теңге берсе, екінші бере алған жоқ. Қазіргі таңдағы ең басты мәселеміз шатырлар болып тұр. Жаңбыр жауып, қар еріді дегенше, төбеден су ағып, бесінші қабатта тұратындарды әбіржітеді де қояды. Шелек қойып, алдын алғанымызбен едендегі кафельдердің бәрі босап кетті. Мұндай жағдай қазір «Теріскейдегі» №20,21,22,24 үйлердің бәріне «басауру» болып тұр. Осыған дейінгі әкімдер біздің бұл жанайқайымызды есіткен жоқ. Ал Б.Әшірбеков осы мәселеге селқос қарамайды деген ойдамын. Өйткені, ол кісі Еңбекші ауданына әкім болып келгелі есік алдындағы алаңшалар реттеліп қалды».
Жиында өткен жылды електен өткерген әкім салық пен жарнамадан түскен қаржы арқылы қазына қоржынын толтыруды артығымен орындағанын айтты. Әлеуметтік, санитарлық һәм коммуналдық сұрақтарға сай көп сауалдың шешімі табылған. Аудан бойынша 5 сейсмоқауіпті үй тіркеліп, 2012 жылы осы салаға қаржы бөлінген. Жиында жылу беру жайы да шет қалған жоқ.
Еңбекшідегі күрделі мәселенің бірі шалғай шағынаудандардағы ауыз су жыры екені баршаға аян. Шымкенттегі «Азат», «Нұртас» және «Шаңырақ» пен «Бадам»-дағы тіршілік нәрінің татымсыздығы туралы «Отырар» телеарнасы мен сайтының тілшілері айтып та, жазып та жүр. Еңбекші ауданының әкімінен осы мәселелердің жәйі туралы сұрағанымызда туындаған түйткілдер жақын арада шешімін табатынына сөз берді.
Бақытжан Әшірбеков, Еңбекші ауданының әкімі: «2011 жылы Шымкенттің шеткері аймағындағы «Азат», «Қайтпас», «Нұртас», «Шаңырақ» және «Бадам» атты бес шағынауданға су беру үшін қаржы бөлінген болатын. Соның ішінде «Азаттағы» 920 отбасыны ғана сумен қамту мүмкін болды. Ал қалған шағынаудандарды тіршілік нәрімен қамту мәселесі өтпелі. Солардың ішінде ең алғаш болып ауызсуға қол жеткізетіні «Қайтпас» пен «Нұртас» шағынаудандары. Аталған елдімекендердің жобаға енген көшелері 2012 жылдың І-тоқсанына дейін тазасумен қамтылатын болады. Ал «Шаңырақ» пен «Бадамдағы» су жүйелерінің бастапқы жобалау жұмыстары кезінде оның магистральді жүйесі ескерілмей қалған. Ондағы су осы жоба аяқталғаннан соң қосылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, І-тоқсанға дейін «Қайтпас» пен «Нұртастағы» 720 отбасыға жарық беру жәйі де шешілмекші. Ал жоспарға енбей қалған көшелер мен үйлердің жобасы қазір қайта қаралып жатыр. Бұл істерді жоспарлы жұмыс нәтижесінде мәресіне жеткіземіз деп отырмыз. Қысқасы, 2012 жылы шалғай елдімекендердегі ауызсу мен электр энергиясының мәселесі шешілуі тиіс. Одан соң барып, ол ауылдардың жолын реттеп, тас пен шағал, асфальт төсеу жұмыстары күн тәртібіне енеді».
Еңбеші аудандық әкімдігі сондай-ақ, көпқабатты үйлердің ирригациялық жолдары мен алаңшаларына көңіл бөлуді жалғастырамыз деп отыр. Ал шеткері елдімекендегі көшелер жарықтандырылып, жолына асфальт төсеу жоспары ретімен жүреді. Оның қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді дейді тұрғындар жағы.