Бадам ауылы мен Чапаевка елді мекенін қосатын көпір салынады

575

Бадам ауыл округі мен Чапаевка елді мекенін қосатын аяқжол көпірді қайта салу жұмысы басталды. Қарым қатынасы қиындаған көпшілік көпірді жөндеу туралы бірнеше жылдан бері жергілікті биліктен сұранып келген. Биылғы сайлау кезінде де депутат болуға ниетті азаматарға да қолқа салған. Алайда, олардың ешқайсынан әрекет болмаған соң,  бұл құрылыс облыс әкімінің тапсырмасымен бюджет есебінен іске асатын болды. Соңғы бірнеше жылдан бері Бадам ауыл округіне қатынау осындағы тұрғындар үшін қияметке айналды.

Кеңес одағынан мұра болып қалған көпірді су шайып, Чапаевка және Бадамдық тұрғындардың ара қатынасы ажырай бастады. Соған қарамастан Бақытжан Алмасбековтың күн сайын осы қираған көпірмен өтуіне тура келеді. Өзге өткел жоқ. Ер азаматар болмаса қыз-келіншектер мен балалар өте алмайды.

Қалаға қатынастың қиындағанын айтып ауыл тұрғындарының бармаған жері қалмапты. Тек қолдауды облыс әкімінен тапты. «ЛТД тұрмыс» ЖШС ұзындығы үш метрлік 50 тірек қағып, көпірді қайта салуға кірісті. Мамандар құны 6 млн-ға жуық құрылысты наурыз айында қолданысқа тапсырмақ.

Бадам өзенінің арнасы ауыстырылып, қарқынды басталған құрылысқа 15 жұмысшы 7 техника жұмылдырылған. Мердігер «ЛТД тұрмыс» ЖШС осыдан екі жыл бұрын Химфарм және Бадам елді мекендерін қосатын аспалы көпірге күрделі жөндеу жұмысын жүргізген болатын. Бұл жолғы өткел де сапалы болады деп сенейік.