Шымкент қаласының базарларында тауарлар өткізу, қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру бойынша жаңа талап күшіне енді. Соған сәйкес, ҚР-ның азаматтары мен оралмандар, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін бір жолғы талонның құнын өзгерту туралы 2011 жылдың 28 қазанында қалалық мәслихат шешім қабылдады.
Осы шешімге сәйкес 2012 жылдың 1-қаңтарынан бастап базарлардағы бір жолғы талондардың құны көтерілуі тиіс. Бір ғана мысал базар аумағына жүк артып кірген автокөліктерге және әрбір бір тоннаға дейінгі тіркемелеріне 300, 4 тоннаға дейінгіге 600, 8 тонаға 1000, одан жоғарыға 1500 теңге төлейді.
Мамандардың мәлімдеуінше бір жолғы талонның құнындағы өзгеріс 2007 жылы болған. 2011 жылы қала базарларынан бір жолғы талон арқылы 460 млн. теңге жиналуы тиіс болса, қала қоржынына түскені тек 456 млн. теңге. Жоспар 3 млн. 461 мың теңгеге орындалмаған. Бір жолғы талон құнын көтеру тұрғысындағы ұсыныс қалалық салық басқармасы тарапынан болған. Алайда басқарма басшылары оған толық талдау жасап беруге келіспей, ат тонын ала қашуда.