Балхия Көмекбаева — облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы. Бірақ, бүгінгі әңгімеміздің оның қызметіне еш қатысы жоқ. Біз оқырманға лауазымды қызмет атқара жүріп, Балқия Әбдіманапқызының жанына көптен бері серік еткен әуес ісі-хоббиі жайлы сыр ақтармақпыз.
— Сізді гүлге құмар дейді ғой, рас па?
Байқалып тұрған жоқ па?! (Кейіпкерімнің іс бөлмесіндегі гүлдерге көз тастадым)
-Қанша жасыңыздан бері гүл өсірумен айналысасыз?
Гүл өсірумен айналысқаныма отыз жылдан асыпты. Содан бері, Сырлас серігім, көз қуанышыма айналған гүлдерім көп.
-Сонда үйіңізде қанша гүл бар?
Ой, оны санап көрмеппін. Бірақ, көп екені рас енді… Үйді қойып, көріп отырсыз, жұмыс бөлмемді де гүлге көмкеріп тастадым.
-Ерекше жақсы көретін гүліңіз қайсы?
Мен өзім өсірген, өз қолыммен отырғызған барлық гүлдерімді жақсы көремін. Олардың ішінде, жыл бойы гүлдеп тұратын гүлдерді ерекше ұнатам. Гүлдің жаманы болмайды, тек оны жақсы қарап, баптаса болғаны. Мысалы, фиалка, фикус, драцена, мильтониопсис, петуния, пеларгония, т.б сол сияқты гүлдердің бірнеше түрі болады. Олардың атаулары бір болғанымен, ашатын гүлдері мен жапырақтарында өзінше ерекшеліктері байқалып тұрады. Сонысына қарай ерекше рең беретіні де рас. Гүлдер адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Мысалы, шеффлера гүлі үйге табыс пен үйлесімділік әкеледі. Тіпті, гүлдерді күтіп, баптайтын, өсіретін адамдардың ағзадағы зат алмасу процесі белсенді түрде жүреді деседі.
-Сізді бөлме гүлдерін қойып, ауланы да гүлге көмкерген жан деп естимін. Рас па? Оны қайдан үйреніп жүрсіз?
Рас. Өз басым әсіресе, ауланың сұлулығына аса назар аударамын. Осыдан он жыл бұрын Лондонда, Австрияда болғанымда патша сарайларының аулаларын арнайы барып көргенмін. Ол кезде қазіргідей «Green Market» сияқты гүл сататын дүкендер жоқтың қасы болатын. Шетелден гүл әкелуге тыйым салынған кез еді. Ол гүлдерге ғашық болғаным соншалық, өзім ұнатқан гүлдерімнің ұрығын тығып әкелген кездерім де болған. Негізі, ауланы гүлмен өрнектеп көмкеруге сол кезден бастап қызықтым. Жайлап, өз үйімнің ауласына гүл егіп, безендіре бастап едім, бұл кәсіпке деген қызығушылығым, құштарлығым арта түсті. Қазір бұл менің сүйікті ісім. Айналамның бәрін гүлге орасам деп армандадым. Байқасаңыз, білім беру мекемелерінің барлығы дерлік неше түрлі көздің жауын алатын гүлдермен көмкерілген. Бүгінде туыстарымның, жолдастарымның арасында да гүл өсіруді насихаттап жүремін.
-Ұл-қыздарыңыздың арасында сіздің ермегіңізге еріп жүрген, гүл өсіруді ұнататындары бар ма?
Әрине бар. Алдымен менің жұбайым қатты қызығады гүлге. Менің қызығушылығымды бастапқыда қолдап жүретін, қазір өзі де гүлдерді өрнек жасап, отырғызуға үлкен мән беретін болған. Сосын кіші ұлым гүлдерді жақсы көреді, әрі оны бағалай біледі.
-Осы жұрт гүлмен әңгімелесуге болады деп жатады? Әңгіме айтсаң, адамша ол да тыңдайды дейді. Сіз соған сенесіз бе?
Гүл де тіршілік иесі. Сондықтан да өсіп-өніп, гүлденіп, айналадағы ортаға өз сұлулығын сыйлап жатады. Гүлді өсіріп баптағанда, оған су құйғанда, әрқайсысымен сөйлесіп, жағдайын сұрап, оған аса мән беріп тұру қажет-ақ.
-Сіз де солай етесіз бе? Сонда не айтасыз гүлге?
Кез-келген гүл адамның көңіл-күйіне қарай өседі. Егер оған жақсы көңіл аударып, онымен сөйлескенде, жақсы лебіз білдіріп, жақсы сөз айтсаң ол да сенен өз сыйын аянып қалмайды. Одан сайын жапырақ жайып, гүлдене түседі.
—Сіздің аула гүлдерінен ою-өрнек жасап, өсіру өнеріңізді көрген жұрт тамсана айтатыныны білемін. Жалпы ландшафт өнері қазақтың қолынан келе ме?
Әрине келеді. Қазақ әсемдікке құмар, сұлулықты бағалай білетін, әдемілікті әлпештейтін халық. Өз басым, қала көшелерінде қазақтың ою-өрнектерін гүлдермен өрнектеуді қолға алу керек деп есептеймін. Оның үстіне біздің жеріміз бас, топырағымыз құнарлы. Тек барлығымыз табиғатты аялап, гүл өсіруге көңілімізді молынан аударсақ, қазақтың жері гүлдене түсеріне мен сенімдімін. Кез-келген үйдің ауласына кіргенде жұпар исі аңқыған гүлдер жайқалып тұрса, қалы кілемдей өрнектелген гүл шоқтары мен мұңдалап тұрса, қандай керемет?! Бұл әрі сол үйдің егесіне деген құрметіңді жоғарылатады. Еңбекқорлықтың бір белгісін айқындайды. Әйелі бар үйде гүл өсіп, аула жасанып тұрғаны ләзім.
—Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан – Ж.Шалабаева
Р.S. Құрметті оқырман, бос уақытта айналысатын елден ерек ермегі бар қандай азаматтарды танисыз? Немесе газетіміздің алдағы нөмірлерінен кімдердің әуес істері (хоббиі) жайлы білгіңіз келеді? Хат жазып, хабарласыңыз. Тел: 41-02-96. эл. Поштамыз: e-mail:kazrabat@otyrar.kz