Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында дүйсенбі күні орын алған өрт туралы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында дұрыс мәлімет берілмеді деп санайды зауыт басшылары. Олардың айтуына қарағанда, зауыттағы жағдай тым дүрлігетіндей емес.
Дүйсенбі күні төтенше жағдай орын алған Шымкент мұнай өнімдерін өңдеу зауытында бүгінде жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Ал кешегі өрт алғашқы өңдеуден өткізілетін қондырғылардың бірінің жоғарғы бөлігінде орын алғаны белгілі болды. Өрттің себебін анықтаған мамандар төтенше жағдай қатты аяздан қатып қалған құбырлардың күн сәулесі түскенде жылынуы салдарынан болғанын айтады.
Сергей Пилипенко, зауыттың техникалық директоры: «Төтенше жағдай орын алған кезде тек бір ғана қондырғының жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал басқалары толық қуатында жұмыс істеп тұрды. Қазір өңдеуден өткен мұнай өнімдері бұрынғы қалпыша өндіріліп жатыр».
Шикізат өндіретін алып қондырғыларда бірнеше пеш бар. Өрт сол пештердің бірінде ғана болған. Ал от жалыны шарпыды деген аумақта айтарлықтай ақаулар көрінбейді. Тек бірер жұмысшылар ғана өрт болған жерді қалыпқа келтіріп жүр. Мамандар орын алған жағдайдың күнделікті зауыт жұмысына ешқандай да кедергі келтірмегенін айтады.
Сергей Пилипенко, зауыттың техникалық директоры: «Мына эстакадаларда тұрған арнайы вагон-цистерналарға өңделген дайын мұнай өнімдері құйылады. Бұл жағынан да ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Ал бұл вагондар бүгін сағат үште тиісті жеріне жөнелтілетін болады».
Өртті сөндіруге зауыттың жұмысшылары жұмылдырылған. Сондай-ақ қалалық өрт сөндіру мекемесінің қызметкерлері де дер кезінде келіп, нәтижесінде тілсіз жау жарты сағатқа жуық уақыт ішінде ауыздықталған.