Депутаттар алдағы 3 жылға арналған облыс бюджетін нақтылауға кірісті. 24-ақпанда өтетін ОҚО мәслихатының 2-сессиясының алдында тұрақты комиссиялардың отырысы өтті.
2012 жылға арналған облыстық бюджеттің көлемі жыл басындағы пайда болған бюджеттің бос қалдықтарын және аудан, қала бюджеттерінен түсетін былтыр толығымен игерілмеген нысаналы трансферттерді қайтару есебінен 1 млрд. 181 млн. теңге ұлғайды. Шығыстарға тоқталсақ. облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 252 млн. қарастырылуда. Отырыста өңірдегі ауылдарды сумен қамту мәселесі қызу талқыланды.
Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары: «Қомақты қаржыны талап ететін 6 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 2012 жылы қаржы бөлінбеді. Мысалы олардың бір екеуін атап өтсек Мақатарал ауданындағы Асықата елді мекенін сумен қамтуға, Түркістанның ішкі су жүйелерін жүргізуге бөлінді, ал сыртқы жүйеге қаржы келер жылы бөлінеді».
Республикалық бюджет есебінен іске асырылатын газбен қамтамасыз етуге қатысты 9 нысанның құрылысын қоса қаржыландыруға 181 жарым млн. теңге қарастырылуда. Шымкент қаласындағы әкімшілік ғимаратының құрылысына 150,0 млн. теңге жоспарлануда.Қатерлі ісік ауруларына қажетті дәрі-дәрмек алуға 90,8 млн. теңге қаралуда. Білім саласы бойынша Түркістан қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жанынан салынған 150 балаға арналған жатақхананы ұстауға 46,2 млн. теңге бөлу жоспарлануда.
Әлеуметтік қамтамассыз ету саласы бойынша Арыс қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің моншасының іске қосылуына байланысты, оны ұстау шығындарына 4,7 млн. теңге қарастырылуда. Осы мәселелер тұрақты комиссия мүшелерінің ұсынысы мен сын ескертпелерімен облыстық мәслихаттың 2-сессиясының қаралуына ұсынылады.