«Феррум Фтор» ЖШС-і жанынан аталған тыңайтқышты өндіретін цех іске қосылды. Жылдық өнімділік қуаты 10 тоннаны құрайтын бұл цехтың ертеңіне сенім көп дейді мамандар. Күніне 10 тонна тыңайтқыш өндіретін цех жұмысына шикізат ретінде кәдімгі әктас пайдаланылады.
Еркін Өтембаев, цехтың бас технологы:»Ауылшаруашылығында кеңінен пайдалынылатын кальций селитрасының шикізатын біз Түлкібас цемент зауытынан аламыз. Әктас пен мрамор тастарынан реактор сияқты қондырғылар арқылы күніне 10 тонна дайын тауар өндіреміз».
Шикізатты ерітіп, сұйық және түйіршіктелген кристалды кальций ертіндісін алу үшін реактор және басқа да қажетті қондырғылар «Феррум Фтордың» өзінде жасалынған. Сөйтіп өндіріс орны диқандарға сұйық селитра да ұсына алады. Бағасы да арзан болғанымен, тиімділігі жоғары дейді цехтағылар.
«Сұйық селитраны кристалдадырмай да сол сұйық күйінде диқан қауымына ұсынамыз. Әсіресе, жылыжайда өсірілетін көкөністерді күтіп-баптауда осы сұйық кальций селитрасы пайдаланылады,»-дейді цехтың бас технологы.
Ауылшаруашылығында кеңінен пайдаланылатын тыңайтқышты өндіру ісін «Феррум Фторлықтардың» қолға алуының да өзіндік себебі бар. Өйткені аталған кәсіпорын әмбебап, өндірістің сан түрін игермек ниетте.
Серғазы Беркімбаев, «Ferrum Vtor» ЖШС-нің директоры: «Елбасының облысқа іс-сапары кезінде берген тапсырмасы негізінде жергілікті жерде химиялық тыңайтқышты өндіру ісін қолға алып отырмыз. Біздің кәсіпорын «Феррум Фтор» ЖШС-і республикада бірінші болып осы өндірісті бастап отыр. Алға жоспарлаған мақсаттарымыз шаш-етектен. Барлық жақсы жаңалықтарымызбен қашанда бөлісуге әзірміз».
Ауылшаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосар цех жұмысы алдағы уақытта да қанатын кеңге жаймақ. Жоспар көп, сондықтан жұмыс та толастамайды дейді цехтағылар.