Шымкент қаласында денсаулық сақтау мекемелерінде қауіпсіздікті арттыру мақсатында жаңа шаралар қолға алынды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бірлескен бастамасы нәтижесінде алты ірі медициналық ұйымның базасында тұрақты полиция бекеттері ашылды. Бұл шешім соңғы уақытта денсаулық сақтау саласында қызметкерлерге көрсетілетін қысым мен зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеуіне байланысты қабылданған шаралардың бірі.
Полиция бекеттері келесі медициналық мекемелерде жұмыс істей бастады:№1 қалалық клиникалық аурухана, №2 қалалық аурухана, №3 қалалық аурухана, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана, Балалар ауруханасы.
Аталған мекемелер – Шымкент қаласының ірі, жүктемесі жоғары медициналық ұйымдары. Мұнда тәулігіне мыңдаған пациенттерге қызмет көрсетіледі, ал медицина қызметкерлерінің жұмысы – жоғары жауапкершілікті талап ететін ауыр еңбек. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аурухана қабырғаларында медицина қызметкерлеріне дөрекілік көрсету, қорқыту, тіпті қол көтеру секілді жағдайлар жиілеп барады.
Осыған орай, енді жоғарыда аталған мекемелерде полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, құқық бұзушылықтың алдын алуға, төтенше оқиғаларда жедел әрекет етуге және жалпы тәртіпті бақылауға жауапты болады. Бұл шара пациенттер мен олардың туыстарының тарапынан туындайтын түсініспеушіліктер мен шиеленістерді уақытында шешуге септігін тигізеді деп күтілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі таңда қызметтік міндетін атқарып жүрген дәрігерлерге, медбикелерге және санитар мамандарға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату мәселесі де заңнамалық деңгейде қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қосымша қауіпсіздік шаралары ретінде бірқатар медициналық мекемелерде – атап айтқанда, Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы және «Хадиша» емханасында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – медицина ұйымдарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау. Осы мекемелердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін Шымкент қаласы Полиция департаментіне арнайы ресми хат жолданды.
Полиция бекеттерінің ашылуы – бұл тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы ғана емес, сонымен қатар медициналық қызмет көрсету жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталған қадам. Ендігі міндет – бұл бастаманың нақты нәтижесін қамтамасыз етіп, медицина қызметкерлерінің өз міндеттерін қорқынышсыз әрі алаңсыз атқаруына жағдай жасау.
Жанна Құрманбекова





