Табиғаттың тосын мінезіне куә болған Темірлан елдімекенінің тұрғындары ауа райы күрт жылынып кеткен жағдайда тағы су астында қаламыз ба деп уайымдайды. Өткен аптада болған төтенше жағдайдан кейін ауылдағы су алған үйлерін тастап, туған-туыс сағалап кеткен тұрғындардың бүгінде қираған немесе қирауға шақ қалған баспаналарына сырттай қарап қамыққаннан басқа амалдары жоқ. Табиғат тауқыметіне тап болғандар әлі күнге дейін жоғары жақтан көмек берілетін емес деп шағымын айтса, аудан басшылығы төтенше жағдайға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр деп отыр. Соңғы мәліметтер бойынша, ауданда 5 үй құлаған, 223 ауланы су алған.
Темірлан ауылының тұрғыны Абай Бөлековтің баспанасын 2008 жылы да су алып, әбігерге түскен екен. Сол жылы аудан басшылары оған жаңа баспана тұрғызып берген. Алайда, ол үй де кешегі тасқынның салдарынан жарамсыз күйге түсті. Яғни көлкіген су үйдің тым төмен салынған іргетасынан асып ішке енген. Тіпті бөлменің төбесі де ылғалдан опырылып түсті.
Баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарды аудан басшылары жақын маңдағы мектепке орналастырмақ та болған. Білім ордасының спортзалына заттар көшірілуде. Алайда тұрғындардың басым көбі ол жаққа бармай, дүние-мүліктерін ағайын-туыстың үйіне тасып әлек болып жүр. Мектептің едені сыз, іші суық дейді олар.
Аудан басшыларының айтуына қарағанда, аталмыш елдімекенде 300-ге жуық үйдің ауласын су басып, 120 үй жарамсыз күйге түсті. Ал алдағы уақытта да апатты жағдайдың алдын алу жұмыстарына бүгінде төтенше жағдай қызметінің арнайы көліктері мен жүздеген адам жұмылдырылды. Олар еріген мұздан жиналған суды техника күшімен сорып алып жатыр. Ауыл ішінен өтетін Найман арықтың арнасы бойынан бөгеттер салынуда. Аудан басшылары үйлерді су алуына тұрғындардың өздері кінәлі дейді.
Ал тұрғындар болса, мұндай жағдайдың орын алуына, каналдардың бірнеше жылдан бері тазаланбауы себеп дейді. Бұл жұмысты өз күштерімен атқаруға қауқарсыз екендерін айтуда. Тіпті олар қабырғасы жарылған үйлерді жөндеудің де керегі жоқ, одан да бізге басқа қауіпсіз аймақтан жер бөліп берсін деп отыр. Бүгін күннің аздап жылынуына қарап, тұрғындардың үрейі үдейе түсті. Тағы да жұрт жаппай көшіп жатыр.