Ордабасы ауданының орталығын тағы да топан су басты. Таңертеңнен Темірлан елді мекеніндегі бірнеше көше тұрғындарының үйлері сарылдаған судан зардап шекті.

Темірлан орталығындағы «Найман арық» арығынан (сыйымдылығынан 8 м3 су өтетін арықтан) 35 м3 су жайылып, арықтың дамбылары бұзылды. Бұл жердегі елді мекеннің барлығына су тарап жатыр.

Төтенше жағдай қызметкерлері, әскерилер, ауыл тұрғындары болып қапшықтарға құм салып, арықтың жан-жағын бітеуде.

Соңғы мәліметтер бойынша, ауданда 5 үй құлаған, 223 ауланы су алған. Ордабасы ауданы басшыларының айтуына қарағанда, аталмыш елдімекенде 300-ге жуық үйдің ауласын су басып, 120 үй жарамсыз күйге түсті. Апатты жағдайдың алдын алу жұмыстарына төтенше жағдай қызметінің арнайы көліктері мен жүздеген адам жұмылдырылған болатын.