Рақымшылық заңының рақымын түсінбегендер темір торға тағы да тоғытылмақ. Онысыз да қылмыс саны азаймай тұрған оңүстікте жазасын мерзімінен бұрын өтеп шыққандар әдетіне салынып, әккі әрекетіне қайта көшті. Шымкентте әйелдерге күш көрсетіп, тонап келген қылмыстық топ құрықталды. Олар 8 қарақшылық әрекеттің нәтижесінде 200 мың теңгеге залал келтірген.
Ауру қалса да әдет қалмайды. Енді ғана темір тордан босаған жас жігіттер ескі әдетіне тағы басып, қылмыс жасап ұсталып отыр. Екеуі де 1988 жылы туылған, тепсе темір үзетін жаста. Қарақшылар қылмыстарды бір жоспар бойынша жүзеге асырып отырған. Жәбірленушілердің қатарында тек нәзік жандылар ғана болған.
Ұсталған: «Көшеде кетіп бара жатқан жерінен сумкаларын алып қашамын. Ішінен ақша, телефон аламыз».
Күн көзі батысымен жігіттер көшеге шығады. Қорғаусыз жанды көздеп, оның артынан түсіп,үйінің алдына келгенде немесе адам жоқ жерде қарақшылар төтеннен лап қояды. Әккі әрекетті жақсы меңгергендердің алды ұрлық жасағаны үшін 3 мәрте сотты болса, екіншісі 2 рет тонау фактісі бойынша темір торға тоғытылған.
Жарқынбек ИБАДДУЛАЕВ, Абай ПБ тергеу бөлімінің бастығы: «27-қаңтар мен 12-ақпан аралығында Абай ауданы оның ішінде Мангелдина көшесі және Темірлан тас жолы, 8-мөлтекауданында, осы аумақтарда азаматшаларға қарсы қарақшылық қылмыстарын жасап, бірнеше ұялы телефондар және ақшалай заттар тартып алғаны анықталып отыр. Оның үстіне Әл Фараби аумағы бойынша қазіргі кезде бір жайт орын алып отыр. Барлық жәйттер бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 179-бабымен яғни, қарақшылық қылмыстық істері қозғалды».
Полицейлер қылмыстық топтан зәбір көруші нәзік жандылардың қатары артуы мүмкін деп отыр. Өйткені олардан айғақтық зат ретінде тәркіленген кейбір заттардың егелері белгісіз. Сондықтан қарақшылардың қармауына ілінгендер болса, Абай ПБ-не хабарласуына болады.