Розаның өнерге келгеніне бірнеше жыл болды. Алайда мүмкіндігінің шектеулігіне қарай әнші кезінде шығармашылығымен айналыса алмады. Қазір әнші өнерде табылған демеуші аға-әпкелерінің арқасында алғашқы бейне клипін жарыққа шығарды. Ол «Мен өмірге ғашықпын» атты әніне түсірілген. Жаңа туынды Алматы қаласында Өзбекістандық режисерлардың идеясымен жасалыпты. Қазір әнші келесі бір бейне клипін жарыққа шығармақ. Сонымен бірге, Роза сәтін салса осы Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық қор ашпақ. Ол өзі секілді өнерлі бірақ денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын бермек.
Роза Мұса,әнші: «Алғашында маған сізден ештеңе шықпайды деп бетімнен қағып, мен үшін өнердің есігін жапқандарда болды. Бірақ мен қаймықпай, дегеніме жетуге асықтым. Арманың айқын болса, онда оған жетер жолыңда мүмкіндігінше ашық болады екен. Кездескен қиындықтарға мойынсынбай, шығармашықпен айналыстым. Қазір Аллаға шүкір жағдайым жақсы. Қыбырлаған қыр асады деп жәймен жылжып келемін. Ұлым Сырым да менің бақытыма өсіп келеді. Ол құранды жатқа біледі. Кейде өткен жылдары өмірден өткен нағашы ағасының суретіне қарап аға сіз үшін құран бағыштадым деп айтқан кездерінде көзіме еріксіз жас аламын. Аман болсын. Мен ұлымды дәрігерлердің қарсылығына қарамастан босандым ғой. Күнде ұлым ұйықтар алдында ол менің амандығымды тілеп жатады. Мен үшін одан асқан бақыттың қажеті жоқ».
Елена Михайловна Короткова, Розаның өнердегі ұстазы: «Роза өмірге құштар жан. Осы қасиетінің арқасында ол көптеген жетістіктерге жетті. Оның ең бастысы өнер жолындағы қадамдары. Егер денсаулығың болмаса айналадағылардың бәрі бекер болып қалады. Ал Роза болса, ештенеге қарамай алдына қойған мақсаттарына жете білді. Біз Розамен жеті жыл жұмыс жасадық. Ол осы музыкалық мектепке өзі келді. Даусымды дұрыстап, кәсіби музыкалық білім алғым келеді дегенде өзі. Біз тек оған дұрыс бағыт бағдар бердік. Розаның дауысы табиғи әдемі. Оны байқамауымыз мүмкін емес еді. Розаның бойындағы тағы бір адам баласына ұнайтын қасиеті- әншінің шығармашылық ізденісте болуы».