Шаян-Шолаққорған тас жолы қардан ашылды

709

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының ескертпесіне қарамастан Бәйдібек пен Созақ аудандары бағытында көлік жүргізушілері жолға шыққан. Салдарынан келеңсіз жәйтке тап болды. Жолды тазалау жұмыстары тынымсыз жүргізілгенімен суық жел ашылған жолды қайта жауып қала берді. Міне дауылдың саябырсыған сәтінде Шаян — Шолаққорған тас жолындағы қар үйінділері арнайы техникалардың көмегімен жол шетіне ысырылды.

Омар Оспанов — көлік жүргізушісі: «5 күн болды Шымкенттен Созаққа шыққанымызға, жолды тазалап жолға шықтық. рахмет айтамын. Денім сау аман-есенбіз».
Төлеушов Мейірбек- Жаңаталап ауылының тұрғыны: «Жолды ашып қойыпты. Аман-есен Төлебиден Жаңаталаптағы үйіме қайтып бара жатырмын».

Жыл сайын қарға бел ортадан батып қалатын Жаңабазар — Жаңаталап асуларының жолы жексенбі күні қардан тазартылып, Төлеби — Қазығұрт ауданына жол ашылды. Осы бағыттағы жолды жөндеу, тазалау жұмыстарына жауапты «ШымкентГазДС» ЖШС қызметкерлерінің күндіз-түні атқарып жатқан жұмыстары нәтижесін көрсете бастады. Жол бойында қалып қойған көліктерді құтқару жұмыстары жалғасуда.

Есен Дайырбеков — ОҚО ТЖД №1 мамандандырылған жасағының ауысым жетекшісі: «Тұрғылықты елді мекенмен жол жүрушілерге жолға шықпауды ескертеміз. Ауа райы тыңдап жол жүруін еске алыңыздар».

Қуанышқа орай адам шығыны жоқ. Үсіп қалғандар да кездеспеді. Созақ ауданынан Кентау қаласына да жолдың қардан ашылғандығы туралы хабар келіп түсті. Алайда ауа-райы құбылмалы, сондықтан қауіпсіздік үшін жолға шығуды кейінге қалдырған жөн.