Шымкентте атқарылған жұмыстардың есебін бүгін Еңбекші ауданының тұрғындары тыңдады. Екі күн бойы Абай және Әл Фараби аудандарының тұрғындарымен кездескен қала әкімі кезекті сауалдарды тыңдап, жерлестерінің пікірлерімен бөлісті.
240 мың тұрғыны бар деп есептелетін Еңбекші ауданына соңғы жылдары Сайрам ауданынан 7 елдімекені қосылды. Нәтижесінде бұрын басым бөлігі көпқабаты үй болып инфрақұрылымы толық шешілген ауданда жарық, су, газбен қамтып, жол салу сияқты жаңа мәселелер туындады. Қала әкімімен кездесуге келгендер осыны тілге тиек етті.
2011 жылы қалалық бюджеттің есебінен 129.3 млн. теңге бөлініп, 27 көшеге бағана орнатылып жарықтандырылды. 2012 жылы 202 шақырымдық 166 көшені орташа жөндеуге облыстық бюджет есебінен 5,4 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жоспарда аяқ жол салу мәселесі де қаралған.
Қаланың үш ауданындағы тұрғындар алдында есебін берген қала әкімі Жетпісбай Арман Шәріпбайұлының жұмысына шымкентіктер жақсы деген баға берді. Бұл пікірге әкімдік аппаратымен қоян қолтық жұмыс жасайтын қалалық мәслихаттың депутаттары да қосылды. Қала әкіміне бір жыл бойы 8879 жазбаша 323 сұрақ сайт арқылы келіп түсіпті. Оның 95-і бақылауға алынған. Биылғы 3 кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешуге баса назар аударылатын болады.