Шымкентте күрестің үш түрінен ел чемпионаты басталды

229
Шымкентте күрестің үш түрінен ел чемпиондары анықталуда

Грек рим, әйелдер және еркін күрестен республикалық турнир Шымкентте соңғы 10 жылдан бері өтпеген екен. Жарыс оңтүстіктегі күрестің дамуына жаңа серпіліс беретініне бапкерлер сенім білдіреді. Бұл жолы кілемнің төріне 15 жастағы 600 палуан шығатын болады.

Күрестің бұл үш түрі бір федерацияның қарамағында. Сол себепті де ережеге сәйкес бір шаңырақтың астында, бір кілемнің үстінде палуандар белдесуде.

Шымкенттіктер де бұл жолғы Ел чемпионатына жақсы дайындықпен келген. Облыс құрамасындағы 20 палуан еркін күрестен кем дегенде екі алтынға қол жеткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы күннің өзінде Шымкенттік үш палуан ақтық сынға шыға білді. Нәтижесінде оңтүстіктің қоржынына 1 алтын екі күміс медаль түсті, чемпионат әлі де жалғасуда.

Ел чемпионатының қорытындысы бойынша жастар арасында ұлттық құрама команда жасақталып, іріктеуден өткендер Азия чемпионатына дайындығын бастайды. Шілде айында Бішкекке жоспарланған құрлық жарысында топ жара білгендер Әлемдік аренаға жолдама алады. Сондай-ақ,  биыл жастар құрамасы төрт жылда бір рет өтетін «Дети Азий» жарысында ептілігін сынға салады. Халықаралық турнир Ресейдің Иркутск қаласында жалауын көтереді.

Нұрғали Рахманқұлов, еркін күрестен ҚР аға бапкері: «Бұл жарысып жатқан балалардың арасында былтыр Азия чемпионы атанғандар бар. Сондай ақ, Әлем чемпионатының қола жүлдегері де белдесіп жатыр. Енді осы жеткіншектерден үлкен үміт артамыз. Биыл Лондонда Олимпиада болса, бұл палуандар келесі Бразилиядағы байрақты додаға дайын болады деп ойлаймын.»

Ертең қыздарымыз кілемнің үстіне шықса, содан кейін грек рим күресінен де чемпиондар анықталатын болады.