Шымкентте оралман темір вагонда тұрады

194

Өзбекстаннан қоныс аударған егде жастағы оралман әйел қысқы суықта темір вагонда бүрсең қағып тұрып келеді. Ол кісінің осындай күйге түскеніне биыл үшінші жыл. Қолда бар қаражаты жер теліміне жетпеген соң амалсыздан шағын темір вагонын сатып алған оның бүгінде денсаулығы да сыр беріпті. Ал өзі осы уақытқа дейін көмек сұрап ешқайда арызданбаған. Оның да өзіндік себептері бар көрінеді.

Осыдан үш жыл бұрын Өзбекстаннан ата жұртына келген Қалайзада Рүстемоваға бұл жақта әлі күнге дейін ұлтарақтай жер бұйырмапты. Ол қазір қысы-жазы темір вагонда күнелтіп келеді. Жазды аптап ыстықта қақталып, ал қысты қалтырап-дірілдеп өткізетін Қалайзада апаның бүгінде денсаулығы да сыр берген. Себебі жыл қысқы суықта әбден мұздаған газ да жанбайды. Енді аязды күндері кейуана таныстарының үйінде түнеп жүр.

Қалайзада РҮСТЕМОВА, оралман: «Өзбекстаннан 2009 жылы 25-қаңтарда көшіп келдім. Ол жақта біреуі 2-қабатта, біреуі 4- қабатта 2 пәтерім болатын.  Прокурор ол үйімді өзіне алып қойып. Мені Қазақтсанға кетеді деді».

Көрші елде туып өскен кейуана сол жақта ұзақ жылдар бойы медбике болып еңбек еткен екен. Зейнеткерлікке шыққан соң көппен бірге атамекенге қоныс аудармақ болғанымен оның реті бірден келе қоймапты. Жергілікті тұрғындар оның өз баспанасын күшпен тартып алған. Тіпті бірнеше рет соққыға да жыққан көрінеді. Жеті жыл бойы соттасып жүріп бәрібір баспанасын қайтара алмаған соң бар мүлкін алып, жалғыз ұлымен Шымкентке көшіп келген.

Қалайзада РҮСТЕМОВА, оралман: «Алдыңғы жылы Астанаға бардым. Жер алып үй салайық деп ойлаған едім. Мына тұрып жатқан үйімді 15 мың долларға беремін дейді оған шамам келмейді».

Бұл жерге көшіп келгелі оралман әйел өзіне баспана немесе алақандай жер сұрап көрмепті. Оған кезінде денсаулығым мұрша бермеді дейді ол. Қолда бар азын-аулақ қаражатына қазір өзі тұрып жатқан темір вагонды бір адамнан 1,5 мың АҚШ долларына сатып алған. Тек өткен жылы жаз айында Астана мен Алматы қалаларында болып, бас прокуратура мен Өзбекстанның елшілігіне барған екен. Бірақ әзірге олардан нақты жауап келе қоймапты.