Шымкенттіктер металлургшылар сарайын мемлекетке қайтаруды талап етуде

341
металлургтер сарайы

Ғимаратты халыққа қайтарыңдар! Осылай ұрандатқан ондаған шымкенттіктер бейбіт митингіге шықты. Бірнеше сағатқа созылған шарада олар «Металлургшылар» сарайына шенеуніктердің көңіл бөлуін талап етті.

Жылдар бойы жөндеу көрмеген нысанның қазір қабырғасы қақырап, төбесі ойылып түсуге жақын. Кеңес одағы тұсында дүркіреп тұрған, одан бері де небір өнер майталмандары мен мемлекет басшылары ат басын бұрған нысанның бүгінгі жағдайы ешкімді де қызықтырмайтын секілді. Металлургтер сарайы алдына жиналған көпшіліктің ашына айтқан сөздері осыған саяды.

Шымкенттегі «Металлургтер» сарайы алдына жиналған жұрттың бәрі де алыстан келмеген, сол маңдағы байырғы тұрғындар. Олар кезінде халық игілігіне жарап келген әжептеуір ғимараттың бүгінде қараусыз қалып, қаңырап тұрғанына қамығаады. Құлауға шақ қалып, тозып бара жатқан ғимарат ең болмаса шын жанашыр адамдардың қолына тапсырылса екен дейді олар.

Виктор Паршин, қала тұрғыны: «Мен осы ғимаратқа қарама-қарсы үйде тұрамын. Зәулім сарайдың көз алдымызда күннен-күнге тозып бара жатқанын көріп жүрегіміз ауырады. Бұл жерде менің атам опера әншісі, ал әжем шаруашылық қызметкері болып еңбек еткен. Енді менің балаларым менен ғимараттың неліктен қирап бара жатқанын сұрайды. Ал мен оларға не деп жауап берерімді білмеймін… Мен де, балаларым да мемлекеттік тілді үйренгіміз келеді. Сол үшін бұл ғимаратта қазақ тілі үйірмесі мен басқа да спорттық үйірмелер ашылса екен дейміз. Осы мәселеге депутат мырзалар назар аударса екен».

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған зәулім сарайдың бос тұрғанына 2 жылдан асыпты. Ал оған дейін бұл ғимарат «Мирас» университетінің меншігінде болған. Мемлекеттік маңызы бар нысандар ел игілігі үшін қайтарылсын деген Елбасының тапсырмасынан кейін сол уақыттағы университет басшысы Болат Мырзалиев мырзаның өзі ғимарат пен оның артындағы саябақтың мемлекет меншігіне қайтарылатынын көпшілік алдында мәлімдеген еді.

Осыған қарамастан саябаққа бүгінде қарапайым адамдар емін-еркін кіре алмайды, себебі үнемі жабық тұратын темір қақпадан тек қымбат көлік мінген адамдар ғана кіріп шыға алады дейді жиналғандар. Сондықтан бұл саябақта қарапайым тұрғындарға қызмет көрсететін орындар ашылуына, келешек ұрпаққа мұра болып қалуына халық қалаулылары ықпал етсе екен дейді.