Оңтүстікте тағы бірқатар аудан ауылдарды су басты. Ордабасыдағы Бадам стансасында да бірнеше үйлер су астында қалған. Ал Отырар, Арыс ауданына қарасты елдімекендердің ондаған тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Ауа-райының жылуынан қалың жауған қар еріп, оның үстіне демалыс күндері жауған жаңбыр қауіпті күшейтіп жіберген. Бізге Қазығұрт ауданындағы Қызылту ауылының тұрғындары да хабарласты. Ондағы каналдың да арнасынан асып, тұрғын үйлерді су алып жатқанын айтып шағымдануда. Мыңбұлақ ауылында 35 үй мен 3 көшені су басып қалған. Каналдар мен арықтар суға толы.

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекенін де топан су басты. Күннің күрт жылынуы салдарынан еріген қардың суы ондағы тұрғындарға қауіп төндіруде. Апатты ахуал кеше кешкісін басталған.

Негізі топан судан зардап шеккен Темірлан елдімекенінің орталық көшелері. 350 үй су астында қалыпты. Ал көрші төрт ауылдық окрутегі үйлердің барлығының санын қосқанда 410-ға бірақ жетті. Бұл қазірге келіп түскен нақты дерек.

Түніменен ұйықтамаған тұрғындар топан суға тосқауыл қоюмен әуре. Техниканың күшін күтпестен, өздерінше күректің көмін пайдалануда. Орыс арық пен Найман арыққа сыймаған су елдімекенді жайлап алған.

Пернебай Үсенов, тұрғын: «Қазір мал жан бәрі су астында қалып тұр. Қаппен жаптық. Байкал деген шағын ауданымызды су шайып кетті».

Қадірәлі Есалиев құтқарушылар келмеген соң, көршілерінің көмегімен өз көлігіне бар мүлкін артып жатыр. Алты баласын арғы ауылдағы ағайынының үйіне апарып тастапты. Өйткені өз үйінде қазір судың деңгейі еденнен көтеріліп қалған.

Қадірәлі Есалиев, тұрғын: «Есіктен кіре алмай жатырмыз. Терезені сындырып заттарды тасып алып жатырмыз. 6 бала шағамды қайын бикемнің үйіне апардым».

Шымкенттен шақырылған құтқарушы топ шама-шарқысы келгенше көмек көрсетуде. Баспанасын су басып қалғандар қазір осындағы 4 мектепке уақытша қоныстандырылып жатыр. Ал топан судың қарқынын тоқтату үшін Камаз-камаз топырақ төгіліп, қажетті техникалар жұмылдырылған. Облыс басшысы бастаған шұғыл штаб қазір жұмысқа кірісті.

Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі: «Бүгінгі таңда 1280 адам жергілікті ауданның орталығынан әкімшілік қызметкерлері, одан бөлек 350 әскери адам жұмылдырылған. 108 техника жұмылдырылды. Алғашқы кезде 35 кейін қалғандары қосылды».

Соңғы рет 2008 жылы болған төтенше жағдай Темірландықтарға сабақ болмаған сиЯқты. Өйткені бұл ахуалға арық-атыздардың толық тазаланбауы да себеп. Соның салдарынан қазір 410 үй су астында қалып отыр. Дер кезінде әрекеттенбесе, олардың қатары тағы да көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде қабырғасы қақырап, қирай бастаған үйлер де бар. Олардың нақты есебін арнайы құрылған комиссия жүргізетін болады. [youtube]http://www.youtube.com/watch?v=7emDIwWpz6k&list=UUfxVhVdN9E8mkrN50DjJYFg&index=44&feature=plpp_video[/youtube]