Қардың күрт еруі мен тәулік бойына толассыз жауған жауыннан Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы 221 үйдің ауласы топан судың астында қалды. Тасқыннан 13 отбасының баспанасы мен қора-жайы қираған. Бұл алдын ала анықталғаны. Шығын мөлшерін әзірге нақты айту мүмкін емес. Аймақта қазір Астана, Алматы және Жамбыл мен Қызылордадан жеткен жасақтар құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы аурухана осыдан бір ай бұрын ғана пайдалануға берілген болатын. Бұл емдеу орны да тасқын судың зардабын көрді. Құрылыс кезінде жер қыртысы дұрыс тапталмағандықтан, аурухананың жертөлесі адам бойындай жерге дейін суға толып қалған. Су алған Ғимарат апатты жағдайда болғандықтан, ем алып жатқан 20 науқас орталыққа ауыстырылды.

Нұрбек Асқарұлы, аудандық орталық аурухананың шаруашылық меңгерушісі: «Асхана бар, кір жуу цехы бар және автоклаб. Осы үшеуі подвалда орналасқан ғой. Сондағы құрал-жабдықтың барлығы істен шықты. Өйткені, су барлығын басып қалған».

Аурухананың жаңа ғимаратын арнайы комиссия мердігерден қабылдап үлгерген болатын. Бірақ көпке ұзамай, табиғаттың тосын мінезінен нысанның қаншалықты төзімді екені белгілі болды.

Ал Шымкенттің Забадам елді мекеніндегі каналдан кеткен су сол төңіректегі дүйім жұртты дүрліктірді. Бұл жағдай бойынша қала әкімі Арман Жетпісбай біздің телеарна тілшісіне сұқбат берді. Шахар басшысының айтуынша, апатты ахуалға атжалмандардың канал тұсын кеміріп тастағаны себеп. Өткен жылдың желтоқсанында ғана Сайрам ауданынан қаланың қарамағына өткен каналда мамандар үлгергендерінше тиісті жұмыстар жүргізген. Бірақ ұзындығы 10 шақырымдық арықты толыққанды ретке келтірмеген. Енді қала әкімі күн жылына салысымен, бұл канал бойынша жүйелі жоспар әзірлеп отыр.

Табиғаттың тосын мінезіне жергілікті жұрттың салғырттығы да қосымша себеп болып отыр. Көктем мен күзде арық-атыздарды ретке келтіру тұрғындардың еншісінде екенін тұрғындар ұмытып кетеді.