Шымкенттің дәрігерлері таңқаларлық оқиғаның себепкері болды. Жарты жылдан астам уақыт жансақтау бөлімінде ес түссіз жатқан Елдос Рахымжан есін жиып, тілге келді. Осыдан бірер ай бұрын ғана көпшілік баланың қайта ес жиятынына күмәнмен қарап еді. Бірақ Құдай қарасып 3 жасар Елдос екінші мәрте дүниеге келді.
Елдосты өткен жылдың тамыз айында көлік қағып кеткен болатын Ауыр соққыдан бала есін жия алмаған күйі клиникалық өлім құшты. Содан Елдостың бас сүйегіне дереу трепанациялық ота жасалады. Бірақ ауыр операцияны көтере алмаған бала ес түссіз күйге түсті. Одан бергі алты ай бойы жансақтау бөлімінің дәрігерлері баланың өмірі үшін күндіз түні күресті.
Қазір Елдостың жағдайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалады. Ал балақайдың анасы Бибүгүлдің қуанышында шек жоқ. Өлім мен өмір арасында жатқан баласының жақсаруына әрекет етіп, еңбектенгендері үшін алғысы шексіз. Енді Елдос ұзақ уақыт қайта бейімделу кезеңінен өтеді. Осыдан бірнеше күн бұрын ол жарты жылдан соң алғаш рет «мама» деген сөзді айтыпты.